Астанада СОБР қызметкерлеріне шабуыл жасалды: полиция іс қозғады
АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде Астанада Жедел әрекет ету арнайы жасағы (СОБР) қызметкерлерінің соққыға жығылғаны туралы ақпарат тарады.

Әлеуметтік желіде жарияланған мәліметке сәйкес, 21 қаңтар күні бірнеше жігіт елордадағы Есіл аудандық полиция бөліміне келіп, жедел қимылдайтын жасақ қызметкерлеріне шабуылдап, денесін жарақаттап, оқиға орнынан қашып кеткен.
Бұл оқиғаға қатысты қалалық полиция департаменті түсініктеме берді:
— Аталған факт бойынша Полиция департаменті қылмыстық іс қозғады. Қазіргі уақытта тергеу амалдары жүргізілуде, оның нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады. ҚР ҚК 201-бабына сәйкес, басқа мәліметтер жарияланбайды, — деп хабарлады полиция өкілдері.
Бұған дейін Павлодарда зейнеткерге шабуыл жасаған ер адамның қолға түскені хабарланған еді.