Павлодарда зейнеткерге шабуыл жасаған ер адам қолға түсті
ПАВЛОДАР. KAZINFORM - Оқиға облыс орталығындағы сауда үйлерінің бірінде болған. Полиция күдіктіні қолға түсіріп, әкімшілік жауапкершілікке тартты.

Павлодардағы «Алатау» сауда үйінің ішінде 1958 жылы туған әйелге ер адам шабуыл жасаған.
Куәгерлердің айтуынша, ер адамның қолында суық қару болған. Оқиға бүгін таңертеңгілік, көпшіліктің көзінше өрбіген.
- Полиция қызметкерлері зейнеткерге шабуыл жасаған ер адамды ұстады. Мән-жайды анықтап жатыр. Ұсталған азаматқа қатысты ұсақ бұзақылық бабы бойынша әкімшілік іс қозғалып, материал толтырылды. Ол әрі қарай сотқа жіберіледі. Ер адамнан ешқандай суық қару табылған жоқ, - деп хабарлады өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінен.
Еске сала кетейік, Павлодардағы дүкенде арандатушылық жасаған әйел жауапқа тартылып, ісі сотқа жіберілді.