Астанада сомасы 3 млн теңгені құрайтын есірткі партиясы тәркіленді

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана полицейлері сомасы 3 млн теңгеге жуық есірткі партиясын тәркіледі.

Астанада сомасы 3 млн теңгені құрайтын есірткі  партиясы тәркіленді

«2015 жылы 12 қарашада жедел-іздестіру шаралары кезінде Астана қалалық ІІД есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасының қызметкерлері елорда аумағына есірткі жеткізіп, сатты деген күдікпен бірнеше тұлғаны ұстады.

Жедел-іздестіру шаралары кезінде елордалық сауда үйлерінің бірінің көлік тұрағында Ақмола облыстарының тұрғындары - 32 жастағы «П» азаматы мен 31 жастағы «Ш» азаматы ұсталды. Олар ағымдағы жылы 12 қарашада салмағы 38 келіні құрайтын «марихуананы» астанаға әкеліп, оны сатпақ болған», - деп хабарлады Астана қ. ІІД баспасөз қызметінде.

Полицейлердің ақпаратынша, тәркіленген есірткі партиясының құны шамамен 3 миллион теңгені құрайды.

Аталған факт сот алдындағы тергеудің біріңғай реестріне енгізілді. ҚР ҚК 296 бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды.

Қазір ұсталғандар Астана қ. ІІД уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды.

Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.