Астанада спорт ардагерлерінің бірінші республикалық форумы өтеді
АСТАНА.KAZINFORM — 16-17 тамыз күні, елордада Қазақстан спорт ардагерлері одағының құрылуына орай спорт ардагерлерінің бірінші республикалық форумы өтеді.

Бұл туралы бүгін «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде өткен баспасөз мәслихатында белгілі болды.
Қазақстандық спорт ардагерлері одағының төрағасы Елсияр Қанағатовтың айтуынша, екі күнге жалғасатын форум аясында конферанция және филиал басшылары арасындағы жиын, сонымен қатар спорт ардагерлері арасында асық ату, үстел теннисі, бильярд және шахматтан жарыстар өтеді.
Елсияр Қанағатов өз сөзінде одақтың биылғы жылы ақпан айында құрылғанын айтты.
— Бір топ ардагерлер осы игі бастаманы ҚР туризм және спорт министрлігіне жеткіздік. Қортындысында, бастамамыз министрлік тарапынан қолдау тауып, биылғы жылы ақпан айында қоғамдық бірлестігіміз ресми тіркеуден өтті. Енді міне министрліктің фондынан қаржы бөлініп, алғашқы форумды ұйымдастырып жатырмыз, — деді спорт ардагерлері одағының төрағасы.

Оның айтуынша, бұл одақтың құрылуының басты мақсаты спорт ардагерлерінің бірегей еңбегін ұмытпай, олардың ел спортына қосқан өлшеусіз ұлесін дәріптеу.
— Еліміздің атын халқаралық аренада абыроймен қорғаған ардагер спортшы және жаттықтырушылардың еңбегі ұмытылмауы керек. Сол себепті, осы республикалық спорт ардагерлері одағын құрдық, — деді Елсияр Қанағатов.
ҚР спорт ардагерлері одағы төрағасы аталған іс-шараға еліміздің әр өңірінен 100-ге жуық танымал спорт ардагерлері мен жаттықтырушылар қатысатынын жеткізді.
Осыған дейін хабарлағанымыздай, Астанада таеквондодан (WT) Kazakhstan Open 2025 халықаралық рейтингілік турнирі өтіп жатыр.