Астанада Талдықорған қаласының 2035 жылға дейінгі жаңа бас жоспары таныстырылды (ФОТО)
Талдықорған құрылысының бас жоспарын таныстыру рәсіміне түрлі министрліктер мен ведомстволардан 20-дан астам өкілдер шақыртылды.
Алматы облысының делегациясын өңір әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов пен Талдықорған әкімі Ермек Алпысов басқарды. Бас жоспар жобасын «Урбостиль» ЖШС қала әкімдігінің тапсырысы бойынша әзірледі. Облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов отырыс барысында соңғы жылдары Талдықорғанда экономиканың белсенді дамып қана қоймай, халықтың саны да арта түскендігін атап өтті.
Жаңа бас жоспар 2035 жылға дейінгі уақытты қамтиды. Осы кезеңде облыс орталығының халқы 240 мың тұрғынға артады. Қала алаңы 7,8 мың гектардан 11 мың гектарға дейін ұлғаяды.
Жобада бірнеше мәдени құрылыстар (театр, цирк, зообақ) салу көзделген.
Баяндама соңында министрліктер мен ведомстволар сарапшылары сала бойынша тиісті сауалдарын қойды. Сонымен Төтенше жағдайлар комитеті төрағасының міндетін атқарушы өртке қарсы қызмет генерал майоры Серік Әубәкіров таяуда Алматыда болған жағдайды ескеріп, Қаратал өзені маңындағы жағалауды бекіту құрылыстары туралы сұрақ қойды. Бұл сауалға жауап берген Талдықорған әкімі аталмыш құрылысты салу жаңа бас жоспар жасалғанға дейін көп бұрын басталғанын атап өтті. Бас жоспарда да көзделген. Сондай-ақ орталық органдар өкілдері мәдени құндылықтары бар тарихи нысандар мен көлік, логистика нысандары туралы бірқатар сұрақтар қойды. Қазіргі уақытта Өскемен қаласына дейін ұзартылған Алматы-Талдықорған автомагистралі салынуда.
Тамыз басында "Air Astana" және "Qazaq air" авиакомпанияларының Астана-Талдықорған және Талдықорған-Астана авиарейстері ашылады. Сонымен бірге, темір жол вокзалы қайта жөндеуден өтеді.
Тұтастай, министрліктер мен ведомстволар өкілдері бас жоспарды әзірлеу барысында жасалған ауқымды жұмысты оң бағалады. Енді құжат министрліктерде келісіліп, ҚР Үкіметінде бекітілуі тиіс.