Астанада танымал корейлік этно-фьюжн тобы қазақ күйін орындады (ФОТО. ВИДЕО)
Топтың идеялық қолдаушысы - қазақ қобызына ұқсас корей ұлттық «хэгым» музыкалық аспабында ойнайтын Кан Ын Иль. «Хэгым Plus» - Кореяның атақты музыкалық ұжымы, олардың шығармашылығы батыстың әртүрлі музыкалық аспаптарымен үйлесе құйқылжыған әуенімен ерекше.
Қазақстандағы Оңтүстік Кореяның төтенше және өкілетті елшісі Пэк Чухён қазақстандық жастар корейлік поп-музыкамен әуестенетінін атап өтті, сондықтан ұйымдастырушылар осы жолы оларды корей мәдениетінің басқа жанрымен таныстыруды мақсат тұтқан.
Мәдени және достық жақындықты дәлелдеу үшін корейліктер концертіне «Арман» аспаптық ансамблін шақырды. Олар бірге атақты күйлерді әуелетіп, халық әндерін орындады, әр халықтың аспаптарының әуезді, үйлесімді ырғағымен жұртшылықты таң қалдырды.
«Мен қазақ пен корей халықтарының ұлттық музыкалық аспаптары осындай үндестік табады деп күтпеген едім. Түрлі тілде сөйлесек те, музыкамыздың бізді біріктіретінін сеземін», - деп толқынысын жасыра алмады Кан Ын Иль.
Айта кетейік, мәдени шараны Корея Республикасы Сыртқы істер министрлігі жанындағы «Korea Foundation» халықаралық алмасу қоры мен Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасының елшілігі (Корея мәдени орталығы) ұйымдастырды.