18:30, 14 Қараша 2013 | GMT +5
Астанада «Тәуелсіздік танытқан таланттар» фестивалінің жеңімпаздары анықталды
АСТАНА. 14 қараша. ҚазАқпарат - Бүгін Астанада «Бірлік» саяси партиясы ұйымдастырған «Тәуелсіздік танытқан таланттар» атты жас таланттардың республикалық фестивалі жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

Фестиваль жеңімпаздары «Әдебиет», «Сурет өнері», «Дәстүрлі өнер», «Дәстүрлі қазақ әндерін орындаушы», «Ерекше дарын иесі», «Қолданбалы өнер шебері» және «Мамандығым - мақтанышым» деген аталымдар бойынша марапаттарға ие болды. Бүгінгі фестиваль жеңімпаздарының шығырмашылық және кәсіби жетістіктеріне қарасақ, халықтың алтын қазынасы іспетті. Өскелең ұрпаққа үлгі етуге тұрарлық жастардың таланты қандай да болсын құрметке лайық», - деп атап өтті салтанатты шарада сөз сөйлеген «Бірлік» партиясының төрағасы Серік Сұлтанғали. Жоғарыда аталған 7 аталым бойынша барлығы 24 жас дарын иелері жеңімпаз деп танылып, әрқайсысы дипломға және 300 000 теңге көлемінде гранттарға ие болды. Олардың арасында әдебиет саласы бойынша Әлібек Байбол, Азамат Тасқара, суретшілер арасынан Толқын Табысбек, Бауыржан Досжанов, дәстүрлі өнер бойынша Айдар Қайратұлы, дәстүрлі ән өнері бойынша Ақылбек Жаңабаев, Мөлдір Қали және басқалар бар. Шара соңында партия төрағасы С. Сұлтанғали бұл игі шараның дәстүрге айналып, қазақстандық жастардың өнерге келуіне қол ұшын беретінін баса айтты.