Астанада Тәуелсіздік көшесі бойындағы тұрғын үй өртенді
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы Сарайшық ауданы Тәуелсіздік көшесінде орналасқан Sensata Plaza тұрғын үйінде өрт шықты, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.

Sensata Plaza тұрғын үй кешенінің 5-12 қабатындағы кабельді шахтада өрт шыққан. Тұрғындар өз бетінше эвакуацияланды. Зардап шеккендер туралы ақпарат түспеген. Оқиға орнында ТЖМ күштері мен құралдар жоғары дәрежеде жұмыс істеді. Қазіргі уақытта өрт сөндірілді.
— Нақтыланған ақпарат бойынша 1-ден 12-қабатқа дейінгі кабель шахтасында электр сымдарының оқшаулауы 36 шаршы метр аумақта өртенген, сондай-ақ жертөле бөлмесінде 5 шаршы метр аумақта жиналған жиһаз жанған. Төтенше жағдайлар департаментінің күшімен құтқару қалпақтары арқылы баспалдақ маршымен 4 адам құтқарылды. Зардап шеккендер жоқ. Өрттің себебі анықталып жатыр, — делінген хабарламада.
Бұған дейін Астанада 4 маусым күні «7 бочек» тұрғын үй кешенінің сыртқы қаптамасының жанғаны хабарланған еді. Өртенген үйден 100-ге жуық тұрғын өз бетінше далаға шыққан, ал ТЖД күштері 15 адамды эвакуациялаған. Кейіннен зардап шеккен адамдардың қонақүйге орналастырылатыны айтылды. ТЖМ мәліметінше, өрт 250 шаршы метр аумақты шарпыған. Кеше тұрғындар оқиғаның қалай болғанын айтып берді.