Астанада терроризмге қарсы Ақаба процесінің саммиті өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада Ақаба процесінің «Жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік» тақырыбына арналған саммиті өтіп жатыр. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
Саммитке Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Әзербайжан Ұлттық жиналысының спикері Сахиба Гафарова, Қырғызстан Сыртқы істер министрі Жээнбек Кулубаев және басқа да ресми тұлғалар қатысып жатыр.
Ақаба процесі – Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн 2015 жылы көтерген терроризмге және зорлықшыл экстремизмге қарсы іс-қимыл саласындағы халықаралық бастама.
Аталған алаңда қауіп-қатерлерге қатысты ортақ түсінікті қалыптастыру және нақты әрекет ету шараларын үйлестіру мақсатында мемлекеттер басшылары, арнайы қызметтердің, әскери ведомстволардың және халықаралық ұйымдардың жетекшілері бас қосады.
Айта кетелік Иордания Королі Қазақстанға ресми сапармен келген еді. Сонымен қатар Түрікменстан Президенті және Қасым-Жомарт Тоқаев Астана әуежайында Тәжікстан президентін қарсы алған еді.