Түрікменстан Президенті Ақаба процесі саммитіне қатысу үшін Астанаға келді
АСТАНА. KAZINFORM — Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов Ақаба процесі саммитіне қатысу үшін Қазақстанның елордасына келді.
Ертең 6 қарашада Астанада Ақаба процесі саммиті өтеді.
Мұндай форматтағы кездесуге Орталық Азия алғаш рет ұйымдастырушылардың бірі ретінде қатысып отыр.
Ақаба процесі — 2015 жылы Иордания королі ІІ Абдалла бастамашы болған халықаралық бастама.
Оның басты мақсаты — терроризмге, экстремизмге және трансұлттық қылмысқа қарсы күресте мемлекеттер арасындағы ынтымақтастықты нығайту.
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақаба процесін жоғары бағалайтынын және алдағы сессияның жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік тақырыбына арналатынын хабарлаған еді.
Өз кезегінде Иордания Королі ІІ Абдалла бен әл-Хусейн өңірлік қауіпсіздікті қамтамасыз ету, сондай-ақ терроризм мен экстремизмге қарсы күрес ісінде Қазақстанмен ықпалдастықты кеңейтуге мүдделі екенін растады.