Астанада түнгі ауысымда 1 200-ден аса арнайы техника қар күрейді
АСТАНА. KAZINFORM — Елорданың коммуналдық қызметтері қыс мезгілінен бастап тәулік бойы ауысыммен жұмыс жүргізіп келеді. Қар мен мұзды тазалау тоқтаусыз жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.
15 желтоқсан күні қаладан 23 мың текше метрден аса қар 1927 рейспен шығарылды.
16 желтоқсанға қараған түні қар күреу жұмысына 341 жол жұмысшысы мен 1240 бірлік арнайы техника жұмылдырылған.
Қыс мезгілі басталғаннан бері қаладан қар полигонына 621 мыңнан астам текше метр қар 48 315 жүк көліктерімен шығарылды.
— Бірінші кезекте негізгі көшелер мен қоғамдық көлік жолдары тазаланады. Осыдан кейін қозғалысы орташа аумақтар — аулалар, алаңдар, тротуарлар мен аялдамалар тазартылады. Қала тұрғындарының қауіпсіз қозғалысын қамтамасыз ету үшін жолдарға, тротуарлар және көшелерге техникалық тұз себіліп жатыр. Бұл жұмыс та тәулік бойы жүргізіледі, — делінген хабарламада.
Сонымен қатар, тұрғын үй аумақтарындағы тазалықты ПИК пен МИБ қызметкерлері қамтамасыз етеді, олар аулаларды қар мен мұздан уақытында тазалау арқылы тұрғындардың жайлылығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуі тиіс.
Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ қолайсыз ауа райы кезінде алыс жолға шықпауға шақырады.
Айта кетейік, елордада ауа райының күрт нашарлауы байқалуда, аяз буып, боран соғады және жел күшейеді деп болжайды мамандар. Бас штаттан тыс травматолог, басқарма маманы Алексей Солод қала тұрғындарын қауіпсіздік шараларын сақтауға және көшеде сақ болуға шақырады.