Астанада түнгі уақытта қар күреу жұмысына 1 100-ден астам арнайы техника жұмылдырылады

АСТАНА. KAZINFORM – Қалалық коммуналдық қызметтер тәулік бойы күшейтілген режимде жұмыс істеп, жиналған ондаған мың текше метр қарды арнайы полигондарға шығарып жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Астанада түнгі уақытта қар күреу жұмысына 1 100-ден астам арнайы техника жұмылдырылады
Фото: Астана әкімдігі

9 қараша күні күндізгі ауысымда коммуналдық қызметтер 1 633 рейс жасап, 20 мың текше метрден астам қарды арнайы полигондарға жеткізді.

10 қарашаға қараған түні қар тазалау жұмысына 415 жол жұмысшысы мен 1 143 арнайы техника жұмылдырылмақ.

Қысқы мезгілі басталғалы бері елордадан 110 мың текше метрден астам, яғни 8 917 жүк көлігі көлемінде қар шығарылған.

Алдымен негізгі көше магистральдары мен қоғамдық көлік бағыттары тазаланады. Одан кейін орташа қозғалыс орындары – аулалар, алаңдар, жаяу жүргіншілер жолдары және аялдамалар тазартылды.

Астана әкімдігі қала тұрғындары мен қонақтарын қауіпсіздік ережелерін сақтауға, жолдар мен тротуарларда барынша сақ болуға, сондай-ақ ауа райы қолайсыз кезде алыс жолға шықпауға шақырады.

Айта кетейік, Астанада ауа райына байланысты әуе рейстері кешігіп жатыр.

Соңғы жаңалықтар