Астанада тұңғыш рет конкурдан Әлем кубогы Еуразия лигасының финалы өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы «Арғымақ» ат спорты кешенінде конкурдан Әлем кубогы Еуразия лигасының (FEI World Cup) финалы басталды. Қазақстан тарихында алғаш рет ұйымдастырылып отырған беделді додада Швецияның Стокгольм қаласында өтетін Үлкен финалдың үш жолдамасы сарапқа салынады.
Жарыс қарсаңында өткен баспасөз мәслихатында ҚР Ат спорты федерациясы президентінің кеңесшісі әрі FEI техникалық делегаты Сергей Буйкевич, төрешілер алқасының президенті Әли Кучук (Түркия), курс-дизайнер Мурат Батур (Түркия) және ұлттық құрамалардың көшбасшылары турнирдің маңыздылығы мен дайындық барысын баяндады.
Құрметті қонақтар мен басты интрига
Турнирдің құрметті қонақтары ретінде Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) президенті, ХОК бюросының мүшесі Ингмар Де Вос пен FEI бірінші вице-президенті Марк Самуэль (Канада) арнайы келеді.
Еуразия лигасына 11 мемлекет кірсе, соның ішінде іріктеуден өткен 5 елдің үздік шабандоздары Астанада бас қосты. Ел намысын Нұрила Тұрысбекова, Олег Соколенко, Раиса Соколенко және Ксения Баталова қорғайды. Құрама көшбасшыларының бірі Нұрила Тұрысбекованың айтуынша, Еуропада 3–4 ай бойы оқу-жаттығу жиындарын өткізген спортшылар өз жанкүйерлері алдында лицензия жеңіп алуға дайын.
Шығыс Еуропа аймағынан ресейлік тәжірибелі шабандоз Дарья Самохина өз командасымен келді. Каспий-Кавказ лигасы атынан Грузияның алдыңғы қатарлы шабандозы Шалва Гачечиладзеге қатысады. Сондай-ақ Өзбекстан және Қырғызстан құрамалары өнер көрсетуге дайын.
— Қазақстанның ат спорты тарихында тұңғыш рет Еуразия лигасының финалын өткіземіз. Бүгін біз еліміздің халықаралық аренадағы болашағын бірге қалыптастырып жатырмыз. Бәсекелестік өте жоғары, сондықтан Стокгольмге берілетін жолдамалардың тағдыры соңғы сәтке дейін шешілмейді. Қазіргі таңда ат спортында тұлпардың құқығы мен денсаулығы бәрінен жоғары қойылады, кез келген даулы жағдай жылқының мүддесіне сай шешіледі, — деді Сергей Буйкевич.
Сонымен қатар Сергей Буйкевич Қазақстанның алдағы ірі жоспарымен бөлісті. Еліміз келесі жылдың мамыр айының соңында Астанада Әлем кубогы кезеңі аясында Олимпиада ойындарына лицензия беретін арнайы квалификациялық турнир (Special Event) өткізуге өтінім берген.
— Бәсекелестік өте жоғары: Олимпиадалық «С» тобына кіретін 29 мемлекеттің ішінен бұл турнирді өткізуге Чехия, Румыния, Венгрия, Ресей, Беларусь және Қазақстан өтінім беріп отыр. Ат спортының үш олимпиадалық түрі болса, соның ішінде дәл осы конкурды өткізуге бәрі таласады. 3–5 желтоқсанда Қытайда өтетін Бас ассамблеядағы талқылауға арнап сақтап отырған «құпия кілттеріміз» бар. Егер осы құқықты жеңіп алсақ, Астанаға 29 елдің ең үздік шабандоздары келеді. Турнирде Олимпиадаға небәрі екі жолдама сарапқа салынса да, бұл бізге әлемдік көшбасшылармен тең дәрежеде бәсекелесіп, баға жетпес тәжірибе жинауға және Қазақстанды жоғары деңгейде танытуға мүмкіндік береді, — деді.
Отандық спортты дамыту және төрешілер бағасы
Төрешілер алқасының президенті Әли Кучук турнирдің ұйымдастырылу деңгейіне жоғары баға беріп, шетелдік тәжірибемен қатар елдегі жанкүйерлер қолдауы мен ішкі жарыстарды дамытудың маңыздылығына тоқталды.
— Әлемді аралап, барлық жүлдені жеңіп алуға болады, бірақ өз еліңде жанкүйерлердің қолдауын сезінбесең, өзіңді жалғыз сезінесің. Арқа сүйер мықты тірегі мен өз елінің қолдауы бар спортшыны ешбір жағдайда жеңу мүмкін емес. Сондай-ақ Еуропаға барсақ болды, үздік бапкер табылып, бәрі бірден шешіледі деп ойламау керек, негізгі іргетас өз елімізде қалануы тиіс, — деп атап өтті төрешілер алқасының президенті.
Жарыс бағдарламасы және жабық манеж ерекшелігі
Ветеринарлық тексеріс қорытындысы бойынша (комиссия төрағасы — Михаил Сучков) барлық тұлпар жарысқа жіберілді.
Курс-дизайнер Мурат Батурдың айтуынша, маусым бойы ашық алаңдарда өнер көрсеткен тұлпарлар үшін жабық манежде секіру қосымша сынақ болмақ.
— Жабық манеж қатысушылар үшін әрдайым қосымша қиындық тудырады: сезімтал тұлпарлар жарықтан, экрандардан және жабық кеңістіктен үркуі мүмкін. Менің басты міндетім — алыстан келген аттарға да, жергілікті тұлпарларға да тең жағдай жасау. Сондықтан бірінші күні жеңілдетілген маршруттан бастап, финалға қарай бәсекені шиеленістіре түсеміз. FEI регламенті бойынша кемінде үш биік кедергі болады, — деді курс-дизайнер.
Сонымен қатар баспасөз мәслихаты барысында шетелдік шабандоздар Қазақстанның қонақжайлығы мен Астананың әдемілігін атап өтіп, «Арғымақ» кешенінің дайындық деңгейіне ерекше ілтипат білдірді.
Астанаға командасымен екінші рет келіп отырған ресейлік шабандоз Дарья Самохина жолдың ұзақ болғанын, дегенмен тұлпарлардың жарысқа дейін демалып үлгеретінін айтып, елорданың сұлулығы мен халқының мейірімділігін ерекше атап өтті. Өзбекстан құрамасының көшбасшысы Бекзод Құрбанов Еуропада дайындалған тұлпарларын осы финалға арнайы алдырғанын жеткізді. Оның айтуынша, жарыстың екінші отанындай болып кеткен Қазақстанда өтуі команда үшін өте ыңғайлы әрі олар додаға толық дайын. Ал бауырлас елге көп жылдан бері жиі келіп тұратын Қырғызстан құрамасының бас бапкері Ринат Галимов биылғы бәсекеге жас шабандоздар мен жас тұлпарлардан жасақталған құрамды әкелгенін мәлімдеді.
Айта кетейік, байқарықты бәсекеге Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Беларусь, Иран, Әзербайжан, Армения, Грузия, Молдова, Ресей және Түрікменстан елінен келген спортшылар қатысып жатыр.