Астанада тұңғыш рет «Ақберен» республикалық байқауы өтеді
АСТАНА. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы жас ұрпақтың бойына отаншылдық пен ұлттық рухты сіңіру, тілді, әдебиетті жете меңгеру мақсатында 5-10 сынып оқушылары арасында осы жылдың 25-29 мамырында тұңғыш рет «Ақберен» республикалық байқауын өткізеді.
Бұл туралы «Дарын» ғылыми-практикалық орталығының баспасөз қызметі хабарлады.
Байқаудың мақсаты мен міндеті: жас дарындар арасынан гуманитарлық - эстетикалық ғылымдар саласында кәсіптік қызметін таңдауға шығармашылық қабілеті жоғары, тапқыр талантты жан - жақты өнерлі балаларды іздеп табу, кәсіби бағдар беру, ұлттық ортаны қалыптастыруға жол көрсетіп суырып салмалық, әмбебаптық қабілеттеріне баса ден қою (ақындық, шешендік шеберлігі, түрлі ұлттық аспапта ойнау, т.б.) табиғи танымдық қабілеттерін айқындау
Тәуелсіз қазақ елінің бүгінгі құдіреті, болашағының кепілі - кемел білім берер мектебі. Заман талабына сай, әлем кеңістігінде білім додасынан тайсалмайтын жас жеткіншектерді тәрбиелеу басты парыз.
Халықтың қалт етпес қағидасын, елдіктің еңселі естелігін танытатын қазақ тілі. Ұлт тағылымын белгілі қағидаттарға сүйеніп, өскелең ұрпақ бойына ана тілді сіңіру оны оқытудан басталады.
Аталған іс-шараға арнайы мектептердің, гимназиялардың, лицейлердің, жалпы білім беретін мектептердің 5-10 сынып оқушыларынан 100-ден астам оқушы қатыспақ.
Өнер додасы 6 аталымда өтпек: шешендік өнер; көркемсөз оқу; шығарма; ұлттық аспапта ойнау; ақындар айтысы; ақындар мүшәйрасы. Оның аясында жаңа Астананың мәдени - орындарымен танысу, саяхаттау жоспарланған.
Байқаудың жеңімпаздары «Дарын» РҒПО орталығының I, II, III дәрежелі дипломдарымен және әдебиет, мәдениет қоғам қайраткерлері атындағы дипломдармен марапатталады.
Байқаудың салтанатты ашылуы 2014 жылғы 27 мамырда сағат 10-да, 28 мамырда сағат 15.00-де «Тілеп қобыз» сарайында өтеді.