Астанада тұңғыш студенттер кинофестивалінің жеңімпаздары анықталды
Конкурстық бағдарламаға ҚазҰӨУ студенттерінің 50 қысқаметражды фильмі қатысты. Конкурстан тыс Әзербайжан, Англия, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, АҚШ және Чехия киномектептерінің студенттері түсірген 20 картина көрсетілген.
10 номинация бойынша жеңімпаздарды «Театр, кино және ТВ» факультетінің оқытушылары анықтады. Қазылар алқасына ҚазҰӨУ ректоры, Қазақстанның халық әртісі Айман Мұсақожаева жетекшілік етті.
Байқауға қабылданған кинотуындылар арасынан Шұғыла Сержанның «Самал» қысқаметражды фильмі топ жарды. Аталған фильм негізгі қазылар алқасының «Үздік фильм» , «Үздік әйел рөлі» (Жанеля Аликова ) жүлделерін иеленіп, VVosmerka.kz сайтының арнайы сыйлығымен марапатталды.
Сондай-ақ, «Самал» фильмі «Өнертану» кафедрасы алқасының «Үздік сценарий» жүлдесі мен Бауыржан Нөгербек атындағы сыйлығын жеңіп алды.
Негізгі әділ қазылар алқасының «Үздік ер адам рөлі» жүлдесі - Нұрғазы Жұмабайға («Айналым») берілсе, «Екінші пландағы үздік ер адам рөлі» номинациясын - Досбол Құдабаев жеңіп алды.
«Үздік дыбыс режиссурасы» аталымында - «Чистая любовь» фильмінің дыбыс режиссері Нұрдәулет Ертаев, «Үздік операторлық жұмыста» - «Таңдау» фильмінің операторы Мақат Кәмила және «Үздік режиссерлік жұмыс» аталымында - «Кто Я?» фильмінің режиссері Жүнісбек Марғұлан жеңімпаз деп танылды.
Сұлтан Қыдырбаев «Таң атты» туындысы «Үздік анимациялық фильм» деп аталса, Анар Мергенбаеваның «Пробуждение» фильмі - «Үздік телевизиялық бағдарлама» жүлдесін жеңіп алды.
«Үздік деректі фильм» аталымында екі туынды - «Кто Я?» (режиссер Қайыржан Арман) және «Қасапшының бір күні» (режиссер Нұрсұлтан Нұсқабеков) үздік атанды. Сондай-ақ, бұл екі фильм «AstanaFilmAcademy» компаниясы мен Ораз Әбішев атындағы қордың арнайы сыйлықтарын алды.
Студенттік қазылар алқасының «Үздік режиссерлік жұмыс» марапаты - Санжар Амансүгіровтың «Карабас» фильміне берілсе, «Үздік фильм» номинациясын - Еламан Шаубановтың «Разрушение» фильмі иеленді.