Астанада түріктердің концертінде Ыстанбұлға барып қайту билеттері ойнатылады

Алғашқы шара - «Ұмытсам сыбырла» атты кино туынды Астанадағы Керуен ОСОС -дағы Кинопарк залында 17 маусымда көрерменге ұсынылған.
Астаналықтар мен қала қонақтарына екінші сый - «Қазақстан -Түркия достық әуендері-2» атты концерт.
Еске сала кетсек, дәл осы тақырыппен 2016 жылғы 26 қазанда Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған концертті қала халқы үлкен қошеметпен тамашалаған болатын.
Концертте Түркияның Мәдениет және туризм министрлігіне қарасты «Түркі әлемі музыкалық ансамблі» және Астана қаласы әкімдігінің «Мемлекеттік академиялық филармония» оркестрінің сүйемелдеуімен әндер шырқалып, күйлер тартылады. Қос оркестрдің тізгіні Австрияда білім алған дирижер, «Алтын таяқша» дирижерлер байқауында Гран-при жүлдесін олжалаған Ернар Нұртазинде болады. Күміс көмей әншілер Чидем Гүрдал мен Джем Гүрдал қазақтың танымал «Дударай», «Қарлығаш» сияқты әндерін қос оркестрдің сүйемелдеуімен шырқайды.
«Біз ЭКСПО-ға арнап екі концерттік бағдарлама дайындадық. Алғашқысы 20 шілдеде Астана концерт залында сағат 19.00-да, екіншісі 21 шілде күні ЭКСПО алаңындағы Түркия ұлттық павильонында сағат 17.00-де болады. Екі тілде шығармалар орындаймыз. Астанаға келіп ЭКСПО-ны аралап, тамашалау үшін тағатсызданып отырмыз. ЭКСПО-ға арнап концерт беру құрметіне ие болғанымыз үшін өзімізді бақытты сезінеміз»»,- дейді танымал солистер Чидем Гүрдал мен Джем Гүрдал.
20 шілдеде болатын концертте көрермендерге арнайы лотерея таратылып, Түрік әуе жолдары «Turkish Air» тарапынан берілетін Ыстанбұлға барып қайту билеттері ойнатылады.