17:21, 12 Мамыр 2009 | GMT +5
Астанада түріктің жазушы-философы Ф.Гүленнің шығармашылығына арналған кеш өтті
АСТАНА. Мамырдың 12-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Бүгін Астанадағы «Риксос» қонақүйінде жазушы-философ Фетхуллаһ Гүленнің шығармашылығына арналған «Фетхуллаһ Гүлен және бүгінгі әлем» атты кеш өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат. Әлемге ерекше интеллектуалдық көзқарасымен танымал Фетхуллаһ Гүлен ? ірі ғұлама ғалым, ойшыл әрі белгілі қоғам қайраткері. Ол ? діни төзімділік пен өзара түсіністіктің жаңа бастамаларын жұртшылыққа жеткізуді мақсат еткен тұлға. Сонымен қатар оның қазіргі заманның кезек күттірмес әлеуметтік мәселелерін шешуге қосқан үлесі де өз алдына бір төбе. Бүкіл ғұмырын адами құндылықтарды дәріптеуге, рухани қажеттіліктердің шынайы орнын белгілеуге арнаған Ф.Гүленнің пікірлеріне бүгінде әлем жұртшылығы қызығушылық танытып отыр. Ф.Гүленді тек түрік елінің ғана емес, дүниежүзілік ауқымдағы ең беделді жазушы әрі ойшылдардың бірі деп санайды. Бүгінде ол ? мұсылмандардың рухани-әлеуметтік өмірі мен интеллектуалды деңгейінің үздіксіз жаңарып тұру идеясының көш басында тұрған ерекше тұлға және алпыстан астам кітаптың авторы.«Ф.Гүлен жазады: «Адамдарды ұлы жаратушы Аллаһ Тағала жаратса, Аллаһ жаратқан адамдардың ұлттары мен нәсілдері оларға бір-бірімен түсінісуге, тіл табысуға бөгет болмауы тиіс». Батыста Ф.Гүленнің еңбектері кеңінен таралып, насихатталып жатыр. Оның Қазақстандағы жолына да бастау салынды. Әрине, оның айтқандары жаңалық емес, бірақ оны адамдардың жүрегіне дұрыс жеткізе білу керек. Бүгінде түрік бизнесі Гүленнің идеяларының негізінде жұмыс жасап жатыр. Билік те оның идеяларына құлақ асуда», - деді ҚР Парламентінің депутаты, академик, философия ғылымдарының докторы Ғарифолла Есім. Ф.Гүлен надандықтан шығудың жолы ? білім деп атап көрсетіп, түркі елінің бизнесімен өзінің ойын ұштастыра отырып, кәсіпкерлерді тапқан табыстарын білімге салуға үндеді. Әлемнің 70 елінде оның бастамасымен мектептер мен жоғары оқу орындары ашылды. Қазақстанда Ф.Гүлен қазақ-түрік лицейлердің негізін қалады. Қазақстан Жазушылар одағы мен Халықаралық «Еуразия Диалогы Платформасының» ұйымдастыруымен өткен кеш барысында Ф.Гүленнің қазақ тіліне аударылған «Баян» атты әдеби-философиялық шығармасының, сонымен қатар АҚШ-тың белгілі философы, профессор Джил Кэрролдың Ф.Гүлленнің кәміл адам жайлы ойларын негізге ала отырып жазған «Өркениеттер диалогы» және ҚР ҰҒА-ның академигі Әбдімәлік Нысанбаевтың жетекшілігімен жарық көрген «Фетхуллаһ Гүлен және қазіргі заман» кітаптарының тұсауы кесілді. Кешке Түркиядан Ф.Гүленнің шәкірттері мен замандастары, ҚР Парламентінің депутаттары, сондай-ақ белгілі ақын-жазушылар, ғалымдар мен шетелдік зиялы қауым өкілдері қатысты. Халықаралық «Еуразия Диалогы Платформасы» 1998 жылы Ыстамбұлда 12 елдің зиялы қауым өкілдері мен журналистерінің қатысуымен өткен үлкен жиынның нәтижесінде, арадағы сұхбатты нығайту идеясымен құрылды. Әр екі жыл сайын Платформаның үлкен алқа жиыны өтіп, алдағы екі жылға оның төрағасы сайланады. Өткен жылдың қазан айында оған төрағалық ету Қазақстанға бұйырған еді, қазір ҚР Жазушылар одағының төрағасы, ақын, драматург Нұрлан Оразалин басқаруда.