Астанада туризмді дамыту үшін инфрақұрылымды кеңейту қажет – сарапшылар пікірі
АСТАНА.KAZINFORM – Астананың туристерді қабылдау мүмкіндігі қаншалықты жоғары және туризм саласын одан әрі дамыту үшін қалада қандай нысандар қажет? Бұл мәселелер AIMAQ подкастының жаңа шығарылымында талқыланды.
Ішкі туризммен айналысатын Skyway туроператорының жетекшісі Әсем Қозбағарованың айтуынша, бүгінде Астанада көп адамды қабылдауға мүмкіндік беретін алаңдар бар. Алайда ірі ұйымдастырушыларды тарту және халықаралық іс-шаралар санын арттыру үшін қосымша орындар қажет.
– Менің ойымша, қалада ауқымды концерттер мен көрмелер өткізуге арналған үлкен залдар мен арнайы кеңістіктер қажет. Мұндай нысандар жоғары деңгейдегі, ауқымды іс-шараларды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде әлемдік деңгейдегі ұйымдастырушылардың Астанаға деген қызығушылығын арттырады, – деді Әсем Қозбағарова.
Сонымен қатар қаланың мүмкіндіктерін қажетті инфрақұрылым құрумен ғана шектемей, оны кәсіби ортаға кеңінен таныстыру да маңызды.
Туристік инфрақұрылымды кеңейту қажеттігін ««Astana Tourism» туризмді дамыту орталығының туристік бағыттар мен қызметтерді дамыту департаментінің директоры Ольга Абельдинова да атап өтті. Оның айтуынша, туристерді көбірек қабылдау үшін қалада қонақүйлер салуды жалғастырып, жаңа туристік нысандар ашу қажет.
Сонымен бірге елордада саяхатшылардың жайлы демалуына қажетті жағдайлар қалыптасқан. Қалада халықаралық қонақүй желілері жұмыс істейді, қоғамдық тамақтану орындарының инфрақұрылымы дамыған. Сондай-ақ Астанадағы бірқатар мейрамхана халықаралық рейтингілерге енген.
– Жыл сайын қалада жаңа туристік нысандар ашылып жатқанын көріп отырмыз. Биыл Қазақстан темір жолы музейі, Alem.ai музейі және Lumire-Hall кеңістігі ашылды. Алдағы жылдары Астанада туристер тамашалайтын қызықты орындар саны арта түседі деп ойлаймын, – деді Ольга Абельдинова.
Туристік ортаның баршаға қолжетімді болуына да ерекше көңіл бөлініп отыр. Былтыр Астана қолжетімді туризмді дамыту жөніндегі Еуропалық халықаралық ENAT қауымдастығына мүше болды. Бұдан бөлек, қалада ерекше қажеттілігі бар адамдарға арналған бес инклюзивті туристік маршрут әзірленді.
Саяхатшыларға арналған CityPass картасы да бар. Оның көмегімен туристер қаланың 12 туристік нысанын жеңілдікпен аралай алады. Тағы бір маңызды бағыт білікті мамандар даярлау. Қазақстан мен Қытай жылы аясында қытай тілін меңгерген 25 гид оқытылды.
Сонымен қатар жеке көлігі бар 32 жеке гид дайындалды. Олар туристерді әуежайдан күтіп алып, қонақүйлерге, мейрамханаларға және қаланың көрікті жерлеріне дейін алып бара алады.
Биыл халықаралық деңгейдегі мамандар даярлау жұмысы да жалғасып жатыр. Атап айтқанда, Дүниежүзілік туристік гидтер қауымдастықтары федерациясының (WFTGA) халықаралық стандарттарына сәйкес болашақта жаңа мамандарды оқыта алатын 12 ұлттық тренер даярланып жатыр.
Айта кетейік, ішкі туризм 84,4% өсті.