Астанада Түркі әлемі мүсін өнерінің 5-халықаралық биенналесінің салтанатты жабылу рәсімі өтеді

Бұл туралы ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті мен «Қазақстан халқының рухани даму қоры» АҚ бірлесіп өткізілген бұл іс-шараға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Бурятия (Ресей), Якутия (Ресей), Тыва (Ресей), Әзірбайжан, Дағыстан (Ресей) және т.б. түркі тілдес елдерден келген кәсіби мүсіншілер қатысты.
Іс-шара түркі тілдес елдердің мәдени байланысын нығайтуға, жалпыға ортақ материалдық және мәдени құндылықтарды сақтай отырып, оларды өскелең ұрпаққа табыстауға ықпал ету мақсатында ұйымдастырылған болатын.
Биенналенің салтанатты жабылу рәсімінде мүсіншілердің авторлық туындыларының көрмесі ұйымдастырылып, оларды елорданың көрнекті орындарын безендіру мақсатында Астана қаласының әкімдігіне ресми табысталады.
Іс-шараға қатысушы мүсіншілер «Түркісой» халықаралық ұйымының сертификатымен, Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің алғысхатымен, естелік кәдесыйларымен және ақшалай сыйлықпен марапатталады.