Астанада Түркия азаматын өлтірген қылмыскерлер құрықталды

Ол бойынша Оңтүстік Қазақстан облысының екі тұрғыны ұсталды. Бұл туралы бүгін ІІМ өткен брифинг барысында ведомство баспасөз қызметінің басшысы Нұрділдә Ораз мәлім етті.
Еске салсақ, 24 шілдеде Астана қаласы маңындағы Заречный кентіндегі шұнқырда зорлап өлтіру белгілері бар 43 жастағы Түркия азаматының мәйіті табылған болатын. Түркия азаматы құрылыс саласында кәсіпкерлік қызметпен айналысқан. Осыған орай, кешенді жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде қылмыс жасағаны үшін Оңтүстік Қазақстан облысының 20-25 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Күдіктілер жәбірленушінің кәсіпорнында жұмыс істеген болып шықты. Қылмыскерлердің кәсіпкердің қомақты қаржысын иемденгісі келгені анықталды. Осы мақсатта олар жәбірленушіні ұрлап, кейін оны өлтіруді алдын ала жоспарлаған. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынып, қасақана кісі өлтіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды, тергеу амалдары жүргізілуде.
Қылмысқа қатысушыларды іздестіру бойынша іс-шаралар қолдануда.