Астанада үш ер адам қыздардың аккаунтымен жігіттерді кездесуге шақырып, ақша бопсалаған

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада тұратын үш ер адам Telegram мессенджерінде қыздардың жалған аккаунттарын пайдаланып, ер адамдарды кездесуге алдап шақырған. Одан кейін оларды қаладан тыс жерге күштеп алып кетіп, ұрып-соғып, масқаралайтын бейнежазбаларды таратамыз деп қорқытқан.

Телефон гаджет соц сети әлеуметтік желілер
Фото: Мухтор Холдорбеков/ Kazinform

Қаскөйлер бопсалау арқылы үш жәбірленушіден жалпы сомасы 2,2 млн теңгені иемденген.

Бірін микроқаржылық несие рәсімдеуге мәжбүрлеген, ал екіншісінің автокөлігін иемденіп алған.

Сотта мемлекеттік айыптаушы сотталушылардың кінәсін толық дәлелдеді.

Сот үкімімен үш сотталушы адам ұрлау және бопсалау қылмыстары үшін 7 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Жәбірленушілердің келтірілген залалды өтеу туралы азаматтық талап-арыздары қанағаттандырылды.

Сот үкімі заңды күшіне енді.

Елорда прокуратурасы азаматтарды әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы танысу кезінде сақтық танытуға шақырды. Сондай-ақ адам ұрлау және ауырлататын мән-жайларда жасалған бопсалау қылмыстары үшін мүлікті тәркілеумен бірге 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі қылмыстық жауаптылық көзделгенін ескертті.

Айта кетейік, Ақтөбеде мұнай қалдықтарын өңдеп, 393 млн теңге тапқан кәсіпорын басшысы сотталды.