Астанада үш күндік халықаралық ат спорты жарыстары мәресіне жетті
АСТАНА. KAZINFORM – Елордадағы «Арғымақ» ат спорт кешенінде конкур бойынша Еуразия Лигасының әлем кубогы кезеңі (FEI CSI 1*-W) және Атпен мәнерлеп жүруден халықаралық турнир (FEI CDI 1*) аяқталды.

ҚР Ат спорты федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, аталған бәсекеде Армения, Грузия, Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстаннан 60-қа жуық спортшы шеберліктерін көрсетіп, бақ сынады. Жарыстарға әлем кубогы кезеңі мен Халықаралық турнирлерде бұған дейінгі кезеңдердің жеңімпаздары мен болашақ дебютанттар – Евразиялық лиганың ең мықты шабандоздары қатысты.

Жарыстың маңызын арттыра түсетін жайт – конкур бойынша Еуразия Лигасының әлем кубогы кезеңі Астанада 10 жылдан кейін алғаш рет өткізіліп отыр. Сонымен қатар елорда тарихында тұңғыш рет атпен мәнерлеп жүруден халықаралық турнир ұйымдастырылды. Бұл Қазақстанда осы спорт түрінің дамуына тың серпін беретін маңызды қадам болды.
– Қазақстан үшін ат спорты – жай ғана жарыс түрі емес, бұл – ұлттық мұрамыздың бір бөлігі әрі оны әлемдік аренаға шығарудың маңызды қадамы. Біздің мақсатымыз – еліміздің халықаралық сайыстардағы позициясын нығайту, жас таланттардың өсуіне жағдай жасау, жаңа спортшылар буынын тарту және үш сайыс, кедергілерді еңсеру, атпен мәнерлеп жүру және басқа да түрлерін кеңінен насихаттау.
Айта кету керек, мұндай жарыстар инфрақұрылымды дамытуға, спорттық туризмнің өсуіне, жастардың назарын спортқа аударуға, ең бастысы – елімізде мықты, бәсекеге қабілетті ат спорты мектебін қалыптастыруға ықпал етеді, - деді ҚР Ат спорты федерациясының президенті Рустам Баялиев.


Maxima Masters Eurasia шағын командалық кубогы – конкур 130 см (2 айналым):
1 орын – Қазақстан құрамасы
2 орын – Өзбекстан құрамасы
3 орын – Қырғызстан құрамасы
Гран-при – Еуразия Лигасы Әлем Кубогының кезеңі, конкур 160 см:
1 орын – Камиль Сабитов (Қырғызстан)
2 орын – Ринат Галимов (Қырғызстан)
3 орын – Хуршидбек Алимджанов (Өзбекстан)
Турнирдің жабылу салтанатына Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов халықаралық жарыстардың еліміз үшін маңыздылығына тоқталып, оны жан-жақты насихаттау туралы барлық спортшы мен ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Спорттық іс-шарада төрелік еткен халықаралық деңгейдегі төрешілер турнирдің халықаралық ережеге сай, жоғары деңгейінде өткенін айтты. Үш күндік сайыста спортшылардан өзбекстандық Хуршутбек Алимджанов, Бекзот Курбанов, Алина Шевцова, Алена Деревянконы, қырғызстандық Камиль Сабитов, Ринат Галимовты, Екатерина Каркавцеваны, ресейлік Ксения Хайрулинаны, армениялық Виген Констандян, грузиялық Георгий Тохнадзе және Қазақстан құрамасының спортшылары Олег Соколенко, Нурила Тұрысбекова, Бекжан Байжанұлы, Дайана Онаева, Раиса Соколенконың жетістіктерін ерекше атап өткен жөн.
Жарыстың жалпы жүлде қоры – 24 000 USD. Ауқымды деңгейдегі спорттық шара қазақстандық спортшыларға шеберліктерін арттырып қана қоймай, шетелдің мықты шабандоздарымен бәсекеге түсіп, халықаралық турнирлерге біліктілік жолдамаларын алу мүмкіндік берді.
Еске сала кетейік, бұған дейін елордада 6 елден келген 60 шабандоз конкурдан сынға түскенін жазған едік.