Астанада үздік флористер бақ сынады

АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы Жастар саясаты мәселелері басқармасының қолдауымен Жұмысшы мамандықтар жылы аясында Сервис және туризм колледжінде «Үздік флорист-2025» байқауы өтті, деп хабарлайды қала әкімдігінің ресми сайты.

Астанада үздік флористтер бақ сынады
Фото: Астана әкімдігі

Байқау барысында жас флористер нағыз өнер туындысына айналатын ерекше гүл композицияларын жасады. Бірі классикалық стильде нәзік гүл шоқтарын түйсе, енді бірі табиғи элементтерді ұтымды қолдана отырып, креативті арт-объектілер жасады. Кейбір жұмыстар тіпті «гүлге жан біткендей» әсер қалдырып, шеберлер өз қиял кеңістігінің шексіз екенін көрсетті. Ал, мың бояулы гүлдерден өрнек тоқып, түйін түйген студенттердің шығармашылық жұмысын тәжірибелі флористер мен білікті ұстаздар бағалады.

Астанада үздік флористтер бақ сынады
Фото: Астана әкімдігі

Ал ұйымдастырушылар шараның басты мақсаты да шығармашылық адамдарына еркіндік ғана сыйлап қоймай, олардың жұмысын насихаттау екенін атап өтті.

— Бұл байқау қолданбалы бағыттағы мамандардың беделін арттыруға және олардың шығармашылық әлеуетін дамытуға бағытталған іс-шаралар сериясының жалғасы. Біз Жұмысшы мамандықтар жылына орай түрлі салалар бойынша конкурстар ұйымдастырдық. Сол байқаулардың барлығы аяқталғаннан кейін жыл соңына қарай жеңімпаздарды салтанатты түрде марапаттайтын боламыз. Әрі жұмысшы мамандықтар жылын дәріптеу мақсатында жстар арасында осындай іс шаралардың ұйымдастырылуы оларға деген құрмет және олардың еңбегін бағалау саналады, — деді «Астана жастары» жастар ресурстық орталығының жастармен тәрбие жұмысы және құқық бұзушылықтың алдын алу бөлімінің басшысы Арайлым Сапарәлі.

Астанада үздік флористтер бақ сынады
Фото: Астана әкімдігі

Осыған дейін Астанада «Үздік-2025» жобасы аясында қалалық «Үздік шаштараз» байқауы өткенін жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар