Астанада «WorldSkills Kazakhstan 2023» конкурсының жеңімпаздары марапатталды
Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында «WorldSkills Kazakhstan 2023» конкурсының жеңімпаздары марапатталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігі.

Заманауаи жұмысшы мамандықтардың халықаралық стандартын қалыптастыруға бағытталған WorldSkills қозғалысының Қазақстанның еңбек нарығына енгеніне де бірнеше жыл болды. Биылғы республикалық конкурстың жеңімпаздары екі жылда бір рет өтетін әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алып отыр. Ол үшін былтырғы жеңімпаздармен өзара мықтыны анықтау керек. Ал былтырғы жеңімпаздар Еуропа чемпионатында бақ сынап, тәжірибе жинақтаған болатын.
Марапаттау шарасына Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев қатысты.

«Бұл жарыстың ең үлкен екі нәтижесі мынада. Бірінші кезекте, жастар жарыста жеңімпаз атанып қана қоймай, жұмыс берушілердің көзіне түседі. Осы тұрғыдан алғанда бұл бүкіл қатысушылар үшін үлкен мүмкіндік. Екіншіден, осы жарыста жеңімпаз атанған жастар келесі жылы Францияда өтетін әлем чемпионатына жолдама алады. Сондықтан бұл жұмысшы мамандықтарын игеріп жатқан балаларымыздың бағын ашатын ең ауқымды іс-шара. Біраз жұмыс беруші болашақ қызметкерлерін іздеп осы жарысқа бас сұғып жатыр», - дейді министр.
Жарыс қорытындысы бойынша 30 түрлі мамандық иесінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталып жатыр. Солардың ішінде нәтижесі бірінші болып анықталған бірнеше жеңімпазды әңгімеге тартып көрдік.

«Жамбыл облысынан жеңімпаз атанып, осы жарысқа келгенмін. Бұл жерде де «Көлік шанағын жөндеу» номинациясы бойынша бірінші орын алдым. Жарыс өте жоғары деңгейде өтті. Қолдануға берген құрылғылар өте заманауи болды. Сарапшылар да мықты екен. Жарысқа 2-3 айдай ғана дайындалдым. Өйткені дәл жарысқа дайындалар кезде өз көлігімді соғып алған едім. Арасында соны жөндеу керек болды. Қысқасы, жарысқа дайындығымды өз көлігімді жөндеу жүріп шыңдадым», - дейді Рауан Тасу атты студент.
Оның аталымындағылар бірнеше модуль бойынша сынға түскен.

«Оның ішінде шанақтың майысқан тұсын қайта боямастан тегістеу, «Lada 2114» шанақ телевизорын дәнекерлеу сияқты тапсырмалар болды. Сондай-ақ, шпательдеу, ысқылау, дәнекерлеу сапасы ескерілді. Сонымен бірге су жаңа «Hyundai» көлігі шанағының геометриясын анықтадық. Осы тапсырмалардың орындалу деңгейіне қарай қабілетімізді сараптады. Енді әрі қарай инженер-механик мамандығы бойынша жоғары білім алғым келеді. Одан кейін өз бизнесімді ашатын шығармын. Қалай болғанда да шанақ жөндеу мамандығын жалғастырам», - дейді жарыс жеңімпазы.
Ал Жақсылық Байшериев Шымкент қаласы индустриялық-техникалық колледж атынан бақ сынай келіпті.

«Біздің аталым бойынша 20 бала қатысты. Елдегі 20 өңір мен қаланың жеңімпаздары ғой бәрі. Бізді 4 модуль бойынша бағалады. Төрт модульдің бәрі қиын болды. Қарапайым тілмен айтсақ, дәнекердің 6 түрін істеп көрсеттік. Мысалы, жартылай автоматты түрде, аргонмен дәнекерлеу және қара темірді дәнекерлеу сияқты түрлерін көрсеттік. Электронды доға дейміз, қолмен дәнекерлеу де болды. Бүгін жарыс қорытындысын естіп, кәдімгідей таңғалдым. Нағашы ағам дәнекерлеуші еді. Соның қасында жүріп мен де осы жұмысқа бейімделіп кеттім. Әрі қарай да осы мамандықты толық игеріп, жұмыс істейтін шығармын», - дейді ол.
Алматы сервистік қызмет көрсету колледжінің студенті Әлмира Есенбай бұл жарыста «мерчандайзинг» аталымы бойынша үшінші орын алды.

«Бұл өзі маркетологияның бір саласы деуге болады. Қазір осы маркетолог мамандығы бойынша екінші курста оқып жатырмын. Тауардың өтімді болуы сөреде қалай тұрғанына да байланысты. Мерчандайзинг осы тұрғыдан маңызды әрі қызықты. Жарыста ағашты өзіміз кесіп, сөреге пайдаландық. Маған сол жағы қиындау болды. Жалпы мерчандайзинг мамандығына сұраныс артып келеді. Бұған дейін бір адам мен жұмысқа шақырған болатын. Ең бастысы оның қажетті мамандық екенін жұмыс берушілер жақсы біледі», - дейді болашақ маркетолог.