Астанада ювеналды полицияның 40 жылдығын атап өтті
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласының ІІД жергілікті полиция қызметінің бөлімшесі «2017 оқу жылындағы кәмелеттік жасқа толмағандармен жұмыс бойынша үздік инспектор» байқауын өткізді.
Астана қаласының ІІД жергілікті полиция қызметі басшыларынан құралған комиссия өткен оқу жылында кәмелеттік жасқа толмағандармен жұмыс бойынша учаскелік инспекторлардың қызметін қарап, үздіктерді іріктеді. Полицейлер грамоталармен, алғыс хаттар және бағалы сыйлықтармен марапатталды, деп хабарлайды astana.gov.kz.
- Ювеналды полиция инспекторларының жұмысы оңай емес: олар жұмыс күндері жас жеткіншектермен және олардың ата-аналарымен кездесіп, әңгімелеседі, ал демалыс күндері - кәмелеттік жасқа толмағандардың құқық бұзуларына жол бермеу мақсатында рейдтік шараларға шығады. Ювеналды полиция инспекторлары иықтарына шен таққан қызметкер ғана емес, олар әрі психолог әрі тәрбиеші, - деді Астана қаласының ІІД ЖПҚ ювеналды полиция басшысы Самал Ахмет.
Бүгінгі күні қаладағы ювеналды полиция бөлімінде 163 адам еңбек етуде: 139 әйел және 24 ер адам. Олардың негізгі міндеті - кәмелеттік жасқа толмағандар арасында құқық бұзушылықтар мен қылмыстың алдын алу. Алайда, қызметкерлердің айтуынша, бастысы - балаларды түзу жолға салатын қасиеттерін ашып, тәрбиелеу.
1977 жылы кәмелеттік жасқа толмағандардың ісі бойынша алғашқы инспекция құрылды. 2011 жылдың 10 маусымында Қазақстан Республикасы Президентінің Қаулысымен кәмелеттік жасқа толмағандар ісі жөніндегі барлық бөлімшелер ювеналды полиция бөлімшелері болып қайта құрылды.