Астанада заманауи зертханалық кешен салынады
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада биологиялық қауіпсіздігі жоғары деңгейге сәйкес келетін заманауи зертханалық кешен салынады. Бұл жөнінде Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова Үкімет отырысында мәлімдеді.
Оның сөзінше, биыл сәуір айында еліміз Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының реттеуші жүйелерінің 3-ші деңгейіне қол жеткізді. Бұл бағалау ұлттық реттеу жүйесінің тұрақты жұмыс істейтінін және халықаралық талаптарға толық сәйкес келетіндігін растайды. Қазақстан — ТМД елдері арасында мұндай дәрежеге ие болған алғашқы мемлекет.
— Мемлекет үшін бұл — отандық дәрілердің экспорт көлемінің артуы мен фармацевтика саласына инвестиция тартуына септігін тигізеді. Халық үшін бұл — дәрілік заттардың сапасы мен қауіпсіздігінің жоғары екендігіне кепілдік береді, — деді министр.
Енді келесі мақсат — төртінші, яғни ең жоғары деңгейге жету. Бұл Қазақстандағы фармацевтиканың халықаралық өндірістік хабына айналуына, дәрілердің экспорттық мүмкіншілігін кеңейтуге жол ашады.
— Осыған байланысты Астана қаласында биологиялық қауіпсіздігі жоғары деңгейге сәйкес келетін заманауи зертханалық кешен салу жоспарлануда. Мұнда вакциналарға сынақ жүргізуге, сондай-ақ олардың сапасы мен қауіпсіздігіне тәуелсіз бағалау мүмкіндіктері кеңейеді, — деді Ақмарал Әлназарова.
ДСМ дерегінше, биыл 28 қыркүйекте «VL» ЖШС-мен «Зертханалары бар дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды сараптау орталығын» салуға арналған жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеу туралы келісім шарт жасалды. Аталған жұмыс келесі жылы 30 сәуірде аяқталмақ.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда зертханалар мен сертификаттау ұйымдарын бағалау қашықтан жүргізіле бастағанын жазғанбыз.