11:32, 15 Сәуір 2009 | GMT +5
Астанада заңсыз такси қызметіне тосқауыл қойылып отыр
АСТАНА. Сәуірдің 15-і. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Сәуірдің 8-і мен 10-ы аралығында елордадағы такси қызметімен айналысатын автокөліктерді тексеру іс-шарасы өтті.

Осының нәтижесінде екі күннің ішінде жол-көлік ережелерін бұзудың 529 оқиғасы тіркелді. Бұл туралы бүгін Астанада өткен баспасөз мәслихатыда Астана қаласының Ішкі істер департаменті Жол полиция басқарамасы бастығының міндетін атқарушы Қанат Ахметжанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.Оның мәліметі бойынша, аталған тәртіп бұзушылық әрекеттердің ішінде техникалық ақаулығы бар көлікті басқарудың 140 фактісі, жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзу - 249, аялдама мен тұрақтың нақты орындарын сақтамау ? 116 және мемлекеттік техникалық бақылаудан өтпеудің 24 оқиғасы бар. «Бүгінде Жолаушылар мен жүктерді тасымалдау ережелерін бұзған, яғни заңсыз такси қызметімен айналысқан 132 автокөліктің мемлекеттік тіркеу нөмірлері алынып, осы көлік құралдары уақытша қамау тұрағына қойылып отыр», - дейді Қ.Ахметов. Қ.Ахметов атап көрсеткендей, бүгінгі таңда Астанада такси қызметімен айналысатын 5 заңды кәсіпорын бар. Олар ? «Экипаж», «Экипаж плюс», «Вираж», «Сантана» және «Тұлпар».