Астанада зейнеткерлерге тиесілі жәрдемақыны төлемегені үшін 11 лауазым иесі жауапқа тартылды
АСТАНА. KAZINFORM - «Нұра» ауданының прокуратурасы еңбек заңнамасының сақталу заңдылығына талдау жүргізді, деп хабарлайды Астана қалалық прокуратурасының баспасөз қызметі.
Астананың кейбір мемлекеттік ұйымдары мен мекемелері зейнет жасына жеткен қызметкерлерге заңнамамен көзделген жәрдемақыны төлемегендері анықталды.
Қадағалау актісін қарау нәтижелері бойынша 61 зейнеткердің құқықтары жалпы сомасы 6 млн теңгеден астам өтемақы төлеу арқылы қорғалды.
- Жол берілген бұзушылықтар үшін 11 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Бұл бағыттағы жұмыстар жүріп жатыр, - делінген Астана қаласының прокуратурасы таратқан хабарламада.
Осыған дейін Атырау облысына қарасты ауданда 423 азаматтың зейнетақы және әлеуметтік төлемдері уақытылы түспегені туралы жаздық.