Астанада «ÓzgeEpic» алғашқы ірі шығармашылық хабы ашылды
АСТАНА. KAZINFORM – Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек Instagram-дағы парақшасында жаңадан ашылған шығармашылық хаб туралы айтты. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты жазды.

«Елордада алғашқы ірі шығармашылық хаб («Мирный дом» тұрғын үй кешенінде орналасқан) ашылды. «ÓzgeEpic» хабына бірегей этно-музей мен қолөнер шеберханасы кіреді. Мұнда қонақтарға заманауи арт-перформанс, музыкалық және әдеби кештер үшін трансформер зал, заманауи өнер галереясы, театр алаңы және ұлттық ойындардың смарт аймағы ұсынылады. Хаб аумағында қазақстандық баспалардың өнімдерін сатуға арналған кітап дүкені бар», - деп жазды қала басшысы.

Жеңіс Қасымбек сондай-ақ Астанадағы хабтың шығармашылық нарыққа көптеген маманды қосуға себепші болатынын жеткізді.
«Мемлекет басшысы креативті экономика – талантты, шығармашыл адамдарды қызықтыратын ірі қалалардың дамуының қозғаушы күші екенін атап өтті. Астанадағы креативті хабтың мақсаты – бәсекеге қабілетті заманауи өнерді дамыту және қоғамның мәдени санасын арттыру, дарынды және интеллектуалды жастарды қолдау әрі тәлімгерлік ету. Хаб шығармашылық нарыққа жүздеген маманды қосуға ықпал етеді», - деді елорда әкімі.

