Астанада Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған халықаралық турнир аяқталды
АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін Астана қаласында 11 наурыз күні бастау алған КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада чемпионы, Әлем чемпионы, Қазақстанның Еңбек Ері Жақсылық Үшкемпіровті еске алуға арналған грек-рим күресінен 20 жасқа дейінгі балуандар арасында халықаралық турнирі аяқталды.

Астана қалалық спорт басқармасы мәлім еткендей, дүбірлі доданың марапаттау рәсіміне Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Василий Левит арнайы қатысып, жеңімпаз спортшыларды марапаттады.
10 салмақ бойынша жүлде жиынтығы сарапқа салынған жарыста 234 боз кілем шебері бас қосты. Олардың қатарында елордалық алты бірдей грек-рим күресінің шебері өнер көрсетті.
Халықаралық турнирдің алғашқы жеңімпаздары қатарынан 55 келі салмақта өнер көрсеткен қазақстандық Айбек Айтбеков жеңімпаз атанды. Сондай-ақ 67 келідегі құрама үздігі Сабаз Бағдат осы салмақта күміс жүлдегер атанды. Ал, 87 келіде өнер көрсеткен Қуаныш Бағлан ақтық сында қарсыласына есе жіберіп халықаралық жарыстың қоласын қанағат тұтты.
Осылайша үш күнге созылған жарыстың нәтижесінде Астана қаласының балуандары 2 күміс, 1 қола жүлде еншіледі.
Айта кетейік, байрақты бәсеке даңқты спортшының есімі берілген Жақсылық Үшкемпіров атындағы жекпе-жек сарайында өтті. Халықаралық жарыста Қазақстан, Бельгия, Әзербайжан, Хорватия, Қырғызстан, Өзбекстан, Сауд Арабиясы, Украина және Тәжікстаннан келген боз кілем шеберлері күш сынасты.
Жарыс қорытындысы бойынша, бейтарап елдің спортшылары 4 алтынмен жалпы есепте топ жарса, Әзербайжан — 3 алтын, Қазақстан 2 алтынмен үздік үштікті түйіндеді.
Екінші жарыс күнінің жүлдегерлері:
60 келі
1-орын – Қазақстан - Оңдасын Хамитов
2-орын – Қырғызстан - Кубануч Аринов
3-орын – Қырғызстан - Құттыбек Абдуразаков
3-орын – Алмаз Мазитов (AIN)
67 келі
1-орын – Әзербайжан - Фараим Мустафаев
2-орын - Қазақстан - Бағдат Сабаз
3-орын – Әзербайжан - Тавакгул Хазиев
3-орын – Грейр Оганесян (AIN)
77 келі
1-орын - Әзербайжан - Давуд Маммадов
2-орын - Гамзат Гаджиев (AIN)
3-орын - Магомед Иарбилов (AIN)
3-орынг – Әзербайжан - Канан Абдуллазаде
87 келі
1-орын - Мансур Саитов (AIN)
2-орын – Әзербайжан - Али Темлан Гулиев
3-орын – Қазақстан - Бағдат Қуаныш
3-орын – Әзербайжан - Жожу Самадов
130 келі
1-орын - Александр Мелехов (AIN)
2-орын - Хорватия - Марко Миланович
3-орын – Қазақстан - Жохар Узаров
3-орын - Сауд Арабиясы - Артур Бойчук
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін жарыстың алғашқы күні кімдер жеңіс тұғырынан көрінгенін жазған болатынбыз.
Жарыс жеңімпаздары ақшалай сыйақы (1-орын — 1,5 млн теңге, 2-орын — 1 млн теңге, 3-орын — 500 мың теңге, чемпионның бапкері — 100 мың теңге) және медальдармен марапатталды.