Астанада жалған лаңкестік фактісі жөнінде ақпарат таратқан ер адам ұсталды - ҚР БКП

Ағымдағы жылдың 17 қаңтарында шамамен сағат 20.00-де «Астана қаласының халықаралық әуежайы» АҚ-ның анықтама бюросына ұялы телефоннан белгісіз ер адам хабарласты. Ол «Астана-Ыстамбұл» бағыты бойынша ұшуы тиіс №917 рейсінің бортында Б. есімді азамат ұшаққа жарылғыш зат алып кіргенін хабарлады.
Әуе кемені тексеру нәтижесі бойынша қандай да бір қауіпті жарылғыш зат табылмады.
Жедел-іздестіру шарасын өткізу барысында М. есімді азамат анықталып, ұсталды.
ҚР ҚК-нің 242 бабы бойынша (лаңкестік актісі жөнінде жалған ақпарат тарату) қылмыстық іс қозғалды. Бұл бап 6 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасын қарастырады.
Үстіміздегі жылдың 19 қаңтарында Астана қаласы Есіл ауданының №2 сотымен Астана қаласы авиациялық көлік прокуратурасының қолдаухатымен М. есімді азаматқа қатысты «қамауға алу» бұлтартпау шарасы қолданылды. Тексеру амалдарының барысы жіті бақылауға алынды.