00:47, 18 Қыркүйек 2017 | GMT +5
Астанада жалынға оранған Бизнес орталығы ғимаратынан 40 адам шығарылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада өрт шыққан "Өркен" іскерлік орталығы ғимаратынан 40 адам қауіпсіз жерге шығарылды. Тілсіз жаумен күрес жалғасуда, деп хабарлады ҚазАқпаратқа ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.
«Алдын ала мәлімет бойынша, 2017 жылдың 17 қыркүйегі күні сағат 22:49-да Астана қаласы Бейбітшілік көшесіндегі төрт қабатты «Өркен» іскерлік орталығының астыңғы қабатында орналасқан «Драфт» дәмханасының ас дайындау бөлмесінен өрт шықты. Түтінді сорып шығару құрылғысы мен нысанның сыртқы қаптамасы жана бастаған, кейін от ғимараттың шатырына ауысқан», - деп хабарлады Р. Иманқұлов.
Тілсіз жау шамамен 400 шаршы метр аумақты шарпыды.
«Зардап шеккендер жоқ. 40 адам қауіпсіз жерге көшірілді. Өртпен күрес жалғасуда», - деді ресми өкіл.
Бұған дейін хабарлағанымыздай , жалынмен күреске елордалық Өрт сөндіру қызметінің жеке құрамындағы 60 адам мен 25 техника жұмылдырылды.