Астанада жаңа балабақша ашылады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Мектепке дейінгі мекемелерде кезекті азайту мақсатында ҚР Бас прокуратурасы елордада 48 орындық жаңа балабақшаны пайдалануға бермек. Аталмыш нысан Хусейн бен Талал мен № 36 көшелері қиылысындағы көппәтерлі тұрғын кешеннің бірінші қабатында орналасқан.
None
None

Бұл туралы Астана қаласы әкімінің ресми порталы хабарлады.

Бүгін елорда әкімдігінде Бас прокурордың бірінші орынбасары Иоган Меркель мен Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев мектепке дейінгі ұйымды тапсыру бойынша меморандумға қол қойды.

2016 жылдың 1 қаңтарында балабақша мемлекеттік қабылдау комиссияның актісі бойынша Астана қаласының коммуналдық меншігіне беріледі. Аталмыш нысан № 54 «Нұрай» балабақшасына қарасты болады деп жоспарланған.

Эльмира Суханбердиева, Астана қаласы Білім басқармасының басшысы:

"Бас прокуратура бүгін 48 орынды балабақшаны жабдықтады. Біз өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойдық. Құжат аясында 24 қызметкердің балалары мен кезекте тұрған 24 бала аталмыш мектепке дейінгі мекемеде тәрбиеленеді. Астана қаласының әкімдігі жаңа 3 балабақшаны тапсыратындықтан, 1 қаңтардан бастап балаларды жоспардан тыс топтау жүргізіледі. Бұл балабақшада балалар үшін барлық жағдай қарастырылған", - деді Астана қаласы білім басқармасының басшысы Эльмира Суханбердиева.

Жаңа ғимаратта жатын орын мен киім ілетін бөлмеден бөлек, музыка, ойын залы, медициналық кабинет және тамақтану орындары соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталған, сондай-ақ, әдістемелік бөлме де бар. Бұдан бөлек, балабақша ауласында түрлі-түсті сырғанақ, әткеншек және өзге де спорттық алаңдар орнатылған.

Соңғы жаңалықтар
Референдум