16:26, 01 Қаңтар 2026 | GMT +5
Астанада жаңа жыл түні «Аяз атамен» қоса 11 адам лифтте қамалып қалған
АСТАНА. KAZINFORM — Елордалық құтқарушылар лифт ішінде қалып қойған адамдарға көмекке келді, деп хабарлайды ТЖМ баспасөз қызметі.
Түнде Сарайшық ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде 11 адам, оның ішінде 5 бала лифт ішінде қамалып қалды.
— Лифт 3-қабаттан төмен қарай түсіп екінші қабат пен бірінші қабат аралығында тоқтап қалған. Шақырту орнына келген құтқарушылар лифт есігін ашып, адамдарға шығуға көмектесті. Олар медициналық көмекке мұқтаж болмады, — делінген хабарламада.
ТЖМ лифтте тұрып қалсаңыз келесі ережелерді еске салады:
- өзіңіз алаңдамаңыз және көршілеріңізді тыныштандырыңыз;
- диспетчерге хабарласыңыз;
- барлық түймені қатарынан баспаңыз;
- лифт есіктерін өзіңіз ашуға тырыспаңыз;
- барлық сыртқы байланыс арналарын пайдаланыңыз.
Айта кетейік, Астанада жөндеу кезінде лифт құлап, бір жұмысшы көз жұмғанын жазған едік.
Бұдан бұрын елдегі лифтілердің 40 пайызы жарамсыз екені анықталды.