Астанада Жаңару күні дүниеге келген сәбилерге сыйлық берілді

АСТАНА. KAZINFORM — «Наурызнаманың» онкүндігі аясында атап өтілетін Жаңару күніне орай елорданың Есіл ауданындағы № 2 көпсалалы қалалық ауруханада салтанатты іс-шара өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.

Астанада Жаңару күні дүниеге келген сәбилерге сыйлық берілді
Фото: Астана әкімдігі

Бастама отбасылық құндылықтарды нығайтуға және өмірдің алғашқы күндерінен бастап экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған.

— Іс-шара аясында жаңа туған сәбилер мен олардың ата-аналарына арнайы құттықтау хаттары табысталды. Онда QR-код арқылы баланың дүниеге келуіне орай отырғызылатын атаулы ағаштың нақты орналасқан жері көрсетілген. Осылайша, әрбір отбасы болашаққа деген қамқорлық арқылы ұрпақтарды біріктіретін символикалық экологиялық акцияның бір бөлігіне айналды, — деді Астана қаласы Есіл ауданының әкімі Дарменияр Қыдырбекұлы.

Астанада Жаңару күні дүниеге келген сәбилерге сыйлық берілді
Фото: Астана әкімдігі

Сонымен қатар, заманауи шешімдерге ерекше көңіл бөлінді: жаңа туған сәбилерге «цифрлық бесіктер» табысталды. Бұл — мемлекеттік қолдаудың, инновациялық көзқарастың және өскелең ұрпаққа деген қамқорлықтың символы.

Әкімдіктің мәліметінше, «Жаңа өмір — жаңа ағаш» бастамасы іс-шараға ерекше мазмұн беріп, баланың дүниеге келуі мен ел дамуы арасындағы байланысты айқындады. Атаулы ағаш отырғызу — ұрпақ сабақтастығының, қоршаған ортаға жанашырлықтың және әр отбасының тұрақты болашаққа қосқан үлесінің көрінісі болды.

Бұдан бұрын Ақтауда референдум күні туған сәбиге Ата-Заң есімі қойылғанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар