16:53, 12 Ақпан 2009 | GMT +5
Астанада «Жапонияның сәндік-қолданбалы өнері» көрмесі ашылады
АСТАНА. Ақпанның 12-сі. ҚазАқпарат /Гүлмира Әлиакпарова/ - Астанадағы ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайында «Жапонияның сәндік-қолданбалы өнері» атты көрме ашылады.

Бұл туралы бүгін өткен баспасөз мәслихатында Жапонияның Қазақстандағы Елшісі Нацуи Сигэо мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Көрмені ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайы, Қазақстандағы Жапон Елшілігі және Жапон қоры елімізде жүзеге асырылып отырған «Мәдениет арқылы үнқату» халықаралық жобасы аясында ұйымдастырып отыр. «Жапония Үкіметі шет елдерде мәдени іс-шараларды жиі ұйымдастырып отырады. Ондағы мақсат еліміздің мәдениетімен, тілімен таныстыру және оны дамыту болып табылады. Көрмеге қойылған жапондық қолданбалы өнер шеберлерінің металл, қыш, фарфор, тоқыма және шыныдан жасаған еңбектері елдеріміз арасындағы мәдени байланыстар мен достық қарым-қатынастарымызды жандандыра түседі деп сенемін», - деді Елші. Көрме Астанадан кейін Алматы және Америка Құрама Штаттарына сапар шегеді.