Астанада жаппай қырып жоятын қаруды құрту жөніндегі халықаралық семинарда ғалымдар мен сарапшылар бас қосты

Аталған жоба 1990-шы жылдардың басында АҚШ сенаторлары Сэм Нанн мен Ричард Лугар бастамашы болған Қауіп-қатерлерді бірлесіп төмендету (CTR - ҚБТ) бағдарламасына қатысты құжаттар мен мәліметтерді, оған қатысқан сарапшылардың ауызша естеліктерін жинақтауды және жүйелендіруді көздейді. Бағдарлама КСРО мен АҚШ арасында шабуыл жасаушы стратегиялық қаруларды жою туралы Шарттың қағидаттарын іске асыруда Кеңес Одағының мұрагерлері атанған Қазақстан, Беларусь, Ресей және Украинаға нақты жәрдемдесуді көздейді.
Семинарға қатысушылар арасында Нанн-Лугар бағдарламасын жүзеге асыруға атсалысқан 30-ға жуық Қазақстан, Ресей және АҚШ-тың дипломаттары, әскерилері, ғалымдары мен сарапшылары бар.
Семинардың ашылуында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев сөйледі. Өз сөзінде ол Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевтың жаппай қырып жоятын қарудан ерікті түрде бас тарту жөніндегі тарихи шешімін іске асыруға Нанн-Лугар бағдарламасының шеңберіндегі Қазақстан, Ресей және АҚШ арасындағы үшжақты ынтымақтастықтың үлкен маңыздылығын атап өтті.
«Ядролық мұрадан бас тарту стратегиялық тұрғыдан жалғыз дұрыс шешім болды, себебі ол елімізге әлемдік қауымдастықта лайықты орын алуға мүмкіндік беріп, 190 миллиард доллар инвестицияларды тарту арқылы экономикада табысты реформаларды жүзеге асыруға жағдай жасап, ақырына келгенде қауіпсіздігімізді қамтамасыз етті. Оған қоса, Қазақстан ядролық қарусыздануға қол жеткізу мақсатында басқа мемлекеттерден де батыл қадамдар жасауды талап етуге моральдық және саяси құқыққа ие болды», - деп атап өтті Сенат Төрағасы.
Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрі Е.Ә.Ыдырысов «Нанн-Лугар бағдарламасының сындарлы ауызша тарихы» бағдарламасы Қазақстанның ядролық және басқа да жаппай қырып жоятын қаруды таратпау саласындағы бастамаларын ілгерілету бойынша бас серіктестері болып табылатын АҚШ және Ресейдің мемлекеттік органдары мен сарапшылар қоғамдастықтарымен үйлесімде жүзеге асырылып отырғанын ерекше атап көрсетті.
Сыртқы істер министрінің пікірінше, «жобаның мақсаты жаппай қырып жоятын қаруларды таратпау қағидаттарына негізделген және аталған қарудың қолданысымен қақтығыс қаупін төмендетуді көздейтін келешектегі мемлекеттік саясатты қалыптастыру үшін осы күрделі саладағы ынтымақтастықтан тағылым алу болып табылады».
ҚР Энергетика министрі В.С.Школьник сөйлеген сөзінде тәуелсіздігіміздің алғашқы күнінен бастап Президент Н.Ә.Назарбаев жаппай қырып-жоятын қаруды өндіру және сақтау инфрақұрылымын жоюда Ресеймен және АҚШ-пен серіктестігімізге өз беріктігімізді нақты көрсете білгенін айтты. Сонымен қатар Қазақстан Республикасының мемлекеттік органдары жаппай қырып жоятын қаруды таратпау қағидаттарын жүзеге асыру бойынша нақты ынтымақтастықты жалғастырып жатқанын ерекше атап өтті.
Семинардың ашылуында АҚШ Ұлттық Қауіпсіздік Кеңесінің жаппай қырып жою қаруларын қолданумен терроризмге қарсы күрес жөніндегі бас директоры Лора Холгейт және Ресей Федерациясы Қорғаныс министрлігінің ядролық арсеналдың қауіпсіздігін сақтауға жауапты 12-ші Бас басқармасының бұрынғы бастығы, отставкадағы генерал-полковник Евгений Маслин сөз сөйледі. Л.Холгейт Н.Ә.Назарбаевтың тарихи шешімдерін, соның ішінде Қазақстанның әлемдік қауіпсіздікті сақтаудағы үлесін ерекше атап өтіп, Қазақстанның бұл үлесі бүгінгі күннің өзінде өзектілігін жоғалтпағанын айтты.
Іс-шара барысында Ресей Федерациясының Қазақстандағы Елшісі Михаил Бочарников және Америка Құрама Штаттарының Елшісі Джордж Крол өз мемлекеттерінің осы тақырыптағы түбегейлі айқындамаларын және іс-шараның маңыздылығын атап өтті.