03:12, 09 Қазан 2012 | GMT +5
Астанада жас кәсіпкерлер үшін семинарлар өтеді
АСТАНА. 9 қазан. ҚазАқпарат - Қазан айының 10-11 күндері Астана қаласында «Болашақ» Қауымдастығы 30 жасқа толмаған жас кәсіпкерлер үшін «Маркетингтік талдау мен нарықты бағалау» және «Адами ресурстарды басқару» тақырыптарында екі семинар өткізеді.

Бұл туралы «Болашақ» қауымдастығының баспасөз қызметі хабарлады.
Семинарларды Халықаралық Бизнес Академиясының тәжірибелі маманы BI Group Холдингінің басқарушы директоры Юлия Дмитриева мен «Билд Инвестментс Групп» АҚ қызметкерлер құрамы бойынша басқарушы директоры Юлия Ковалева өткізеді. Бағдарлама шеңберінде тақырыптық дәрістер мен іскерлік ойындар өткізіледі.
Семинарларға Қазақстанның сегіз өңірінің (Ақмола, Павлодар, Көкшетау, Ақтөбе, Алматы, Қарағанды, Қостанай, Солтүстік Қазақстан облыстары, Астана, Алматы қалалары) жас кәсіпкерлері қатысады. Оларға барлығы 40 кәсіпкер қатыспақ.
Іс-шараны ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен «Болашақ» қауымдастығы ұйымдастырады.