Астанада жас полицейлердің кадет сыныбы ашылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанада жас полицейлердің кадет сыныбы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Жергілікті полиция қызметінің басқармасы кадр жұмысы басқармасымен бірлесіп Райымбек батыр атындағы «Қазғарыш» № 50 мектеп-лицейінде «Жас полицейлер кадет сыныбын» ашты.
Онда 10-сыныптан 30 оқушы, 6-сыныптан 20 оқушы ант қабылдады.
«Барлық кадет сынып оқушылары Жарғының талаптарын орындауға міндетті, сонымен қатар «Жас полицейлер кадет сыныбының» ережелеріне сәйкес ыждағаттылық пен табандылыққа ие болуға, жан-жақты дамыған болуға, білімді және мәдениетті адам болуға, қоғамдық және өз әскери борышын адал орындауға дайын болуға, полиция қызметкерлерімен бірлесіп қоғамдық тәртіпті сақтауға қатысуға, мектеп ішіндегі ішкі тәртіп пен ережелерді сақтауға, бағалап құрметтеуге міндетті», - делінген хабарламада.
Сонымен қатар, 2019 жылы қаладағы №25, 61, 74 мектептерде «Жас полицейлер кадет сыныптарын» ашу жоспарланып отыр.