Астанада жас жігіт тіс емдеу кезінде көз жұмды: ДСМ түсініктеме берді

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада 20 жастағы жігіт тіс емдетуге барып, қайтыс болды. Бұл жағдай қоғамда резонанс тудырып отыр.

в
Фото: Видеодан алынған скрин

Алдын ала мәліметтерге қарағанда, медициналық талаптар сақталмаған болуы мүмкін. Бұл қаншалықты рас?

Бұл туралы ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Нұрданат Беркінғали Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» эфирінде айтты.

— Біріншіден, аталған ақпарат әлеуметтік желілерде таралып кетті. Қазіргі уақытта тексеру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біздің білуімізше, қылмыстық іс қозғалған. Бірақ ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру деректері жария етілмейді. Барлық қорытынды тергеу әрекеттерінің нәтижелері бойынша жасалады. Қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті, сондай-ақ құқық қорғау органдары тексеру жүргізіп жатыр. Осы тексеру нәтижесінде жауапкершілік айқындалып, іске қатысы бар әрбір тұлғаның әрекетіне құқықтық баға беріледі, — деді Нұрданат Беркінғали.

Спикердің айтуынша, тексеру кезінде рұқсат беру құжаттары, лицензияның болуы, біліктілік талаптарының сақталуы және медициналық қызмет көрсету стандарттарының орындалуы қаралады.

— Тексеру қорытындысы бойынша қандай да бір заң бұзушылықтар анықталған жағдайда, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Олар әкімшілік немесе өзге де сипаттағы шаралар болуы мүмкін. Алдымен тексеруді толық аяқтап, тиісті бағасын беру қажет деп санаймын. Тексеру барысында медицина қызметкерлерінің дайындығы мен материалдық-техникалық қамтамасыз етілу деңгейі анықталады. Жеткіліксіздік анықталған жағдайда денсаулық сақтау басқармасына қосымша оқыту жүргізу және қажетті жабдықтармен қамтамасыз ету бойынша ұсынымдар беріледі, — деді ол.

Айта кетейік, бұл оқиғаның мән-жайын бұған дейін де толығырақ жазған едік.
https://kaz.inform.kz/news/astanada-stomatologiyada-20-zhastagi-zhgt-koz-zhumdi-2ff8a001