Астанада жасөспірімдер арасында жүзуден ашық чемпионат басталды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - «Барыс Арена» спорт кешенінде жүзуден жасөспірімдер арасында Нұр-Сұлтан қаласының ашық чемпионаты басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
None
None

Қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Самат Ерғалиевтің айтуынша, жарысқа еліміздің 13 өңірінен 240-қа жуық спортшы қатысып отыр.
«2005 жылы туған және одан кіші ұлдар мен қыздар бақ сынап жатыр. Сайыс 4 күнге созылады. Жалпы, жүзудің 8 түрі бар. Олар: 100 метр мен 50 метрге жүзу, шалқасынан жүзу, брасс, баттерфляй, эстафета, кроль және тағы басқа, соның бәрі осында қамтылған. Спортшыларымыз екі жылға жуық карантинде отырып, ешқандай жарыс көрген жоқ. Сондықтан бұл чемпионатымыз балаларға өзінің бір септігін тигізеді, алдағы басқа сайыстарға да жігер береді деп ойлаймыз. Және де өздеріңіз білесіздер, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында «Жасөспірімдер мен балаларға және бұқаралық спортқа аса мән беруіміз қажет» деп айтқан болатын. Осыған байланысты қала әкімі Алтай Сейдірұлы Көлгіновтің тапсырмасымен осындай чемпионат өткізу қолға алынды. Алдағы уақытта басқа спорт түрлерінен де іс-шаралар өткіземіз», – деді Самат Ерғалиев.
Чемпионат жеңімпаздары мен жүлдегерлері медаль және дипломдармен марапатталады. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған іс-шараны Нұр-Сұлтан қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы, Mtex management ЖШС ұйымдастырды.


Соңғы жаңалықтар