Астанада жастар арасында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты басталды
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада жасөспірімдер және жастар арасында ауыр атлетикадан Азия чемпионаты өтіп жатыр.

Айтулы спорттық іс-шараның ашылу салтанаты «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде өтті. Азияның 25 елінен келген 300-ден астам жас спортшы оның ішінде Қазақстан, Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Вьетнам, Тайланд, Оңтүстік Корея және Кувейт елінің ауыр атлеттері бақ сынап жатыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, ең үлкен құрам Қазақстаннан қатысып жатыр, ел намысын 36 спортшы қорғайды.

— Бұл жәй ғана жарыс емес, достықтың, қайсарлықтың бәйгесі. Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде спортқа ерекше көңіл бөлініп жатыр. Ауыр атлетика — мықты қалыптасқан спорт түрі, қазір 29 мыңнан астам қазақстандық осы спорт түрімен тұрақты айналысады. Қазақстан — халықаралық спорт әлемінде тәжірибесі мол ел, бүгінгі чемпионат соның жарқын дәлелі. Ауыр атлетикадан Азия чемпионы болу, әлем чемпионы болумен тең, яғни Азияда топ жару, әлем жеңімпазына бір қадам жақындау. Бүгінгі жарысқа қатысқан әр спортшы өз елінің ғана емес, бүкіл Азияның үміті. Чемпионат елдер арасындағы достықтың нығайтып, жастарды спортқа баулиды. Ауыр атлетикадан Азия чемпионатын ашық деп жариялаймын, баршаңызға сәттілік, — деді Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов спорттық доданың ашылу салтанатында.
4-10 шілде аралығында өтетін ауыр атлетикадан Азия чемпионатында 17–20 жас аралығындағы жас атлеттер ауыр атлетиканың классикалық жаттығу, яғни жұлқи және серпе көтеру түрінен бақ сынайды. Жеңімпаздар жекелеген жаттығу және қос сайыстың жалпы қорытындысы бойынша анықталады.
Айта кетейік, Қазақстан ауыр атлетикадан ірі халықаралық жарысқа соңғы рет 2014 жылы Алматыда өткен Әлем чемпионатында қатысқан болатын. Астанадағы Азия чемпионаты — қазақстандық ауыр атлетиканың жаңа кезеңінің бастамасы дейді ұйымдастырушылар.






