Астанада жастар мен фермерлерді біріктірген Алма фестивалі өтті
АСТАНА. KAZINFORM — Елордада Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының (ФАО) 80 жылдығы мен Дүниежүзілік азық-түлік күніне арналған Алма фестивалі өтті.

Аталған іс-шара Ауыл шаруашылығы министрлігі, ФАО және Нидерланд Корольдігі елшілігінің қолдауымен ұйымдастырылып, фестивальге дипломатиялық корпус өкілдері, фермерлер мен жастар қатысты.


Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ербол Тасжүреков фестивальдің ауыл шаруашылығы саласындағы дәстүр мен жаңашылдықты ұштастыратын маңызды алаң екенін атап өтті.



— Алма фестивалі — бұл тек егін мерекесі ғана емес, ауыл шаруашылығының бай дәстүрлері мен азық-түлік қауіпсіздігінің маңызын айқындайтын шара. Өскелең ұрпақтың инновация мен ынтымақтастыққа деген қызығушылығының артуы — саланың жарқын болашағына сенімді күшейтеді, — деді ол.


ФАО-ның Қазақстандағы бағдарламалық үйлестірушісі Жаныл Бозаева іс-шараның елімізде өтуінің символдық мәнін айтты.


— Іле Алатауы мен Тянь-Шаньның етектері — алманың отаны. Бұл — ортақ мәдени және табиғи мұрамызды дәріптеу мен агроазық-түлік жүйелерін дамытудағы ынтымақтастықтың маңызын айғақтайды, — деді ол.

Фестиваль аясында фермерлер жәрмеңкесі, жастарға арналған инновациялық сессиялар мен мәдени бағдарламалар өтті.
Бұған дейін «Апортты» қалпына келтіру үшін 110 гектар жер баққа айналатынын жазғанбыз.