Астанада жедел жәрдем фельдшері жүкті әйелге көмекке таксимен барған

АСТАНА. KAZINFORM – Әлеуметтік желіде жедел жәрдем дәрігері пациентке медициналық көмекке таксимен бара жатқан видео тарады. Істің мән-жайын елорданың денсаулық сақтау басқармасынан сұраған едік.

Жедел жәрдем
Фото: Алматы қаласының әкімдігі

— Пациенттерге жедел жету уақытын қысқарту мақсатында Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № 225 «жедел медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығының 42-тармағына сәйкес таксиді жалға алу туралы шешім қабылданды. Осы шешім аясында пациент № 2 қалалық көп функцияналды ауруханаға жеткізіліп, көмек көрсетілді, - делінген хабарламада. 

Ақпаратта айтылғандай, қазір елордада жедел жәрдемді шақырту жиілеген. Оған себеп — халық санының өсуі және маусымдық дертке шалдығудың орташа нормадан асып кетуі. 

Еске сала кетейік, осы күзде жедел жәрдем көліктерінің тапшылығы мәселесін көтеріп, жағдайы күрделі өңірлерді анықтаған едік. 

Одан бөлек, жыл басынан бері қазақстандықтар жедел жәрдем қызметіне неше рет жүгінгені туралы жаздық.