Астанада жеті айда 146 мыңға жуық азамат төлқұжат алды

«Азаматтарға жеке басын куәландыратын құжаттарды беру механизмі жетілдіріліп келеді. Биыл 7 айда азаматтарға 145 мың 965 тұлқұжат (паспорт) пен жеке куәлік әзірленіп, берілді. Құжаттарды дайындауға кететін уақыт қысқартылды (жалпы тәртіппен 20 жұмыс күні, жеделдетілген тәртіпте 1 және 3 жұмыс күнінде дайын болады). Сонымен қатар «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациямен бірлесе отырып өз бетінше жүріп-тұруы қиынға соғатын 128 азаматтың үйіне барып құжаттар рәсімделді», - деді Ербол Махметов полиция департаментінде өткен баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ спикер ендігі уақытта азаматтардан кейбір құжаттың талап етілмейтінін айтты.
«Ішкі істер министрлігінің ақпараттық жүйелерін АХАЖ-бен интеграциялау арқылы жалған құжаттар анықталады. Сонымен қатар құжаттар әзірлеуде, берудегі әкімшілік және басқа да кедергілер де жойылады. Біз азаматтардан тегін, туған күні мен туған жерін, азаматтығы және басқа да айқындамалық деректерін өзгерткені туралы құжаттарын талап етпейміз. Биылдан бастап жеке басын куәландыратын құжаттарды алған немесе ауыстырған кезде саусақ ізін енгізуді жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл жалған құжатпен күресте жұмысты жеңілдетеді», - дейді ол.