Астанада жыл соңына дейін 9 проблемалы тұрғын үйдің құрылысы аяқталмақ

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада жыл соңына дейін құрылысы ұзаққа созылып кеткен 9 тұрғын үй пайдалануға беріліп, 431 отбасы пәтер кілтін алмақ. 

тұрғын үй
Фото: Мақсат Шағырбаев/Kazinform

Астана қаласы әкімдігі келтірген мәліметтерге сүйенсек, 2019 жылы елордада 16 мыңнан аса үлескер құрылысы аяқталуын күтіп жүрген 150-ге жуық проблемалық тұрғын үй болған. 6 жылда 140-тан астам тұрғын үй кешенінің құрылысы аяқталды. Осылайша, 15,5 мыңға жуық үлескер отбасы көптен күткен пәтерінің кілтін алған. Олардың арасында бұл күнді 15 жылдан астам күткендер де бар.

Сондай-ақ қала әкімдігі биыл жыл соңына дейін құрылысы ұзаққа созылып кеткен 9 тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарда барын атап өтті.

«Биыл қалған үйлердің құрылысын аяқтау жоспарланған. Бұл ретте үлескерлердің жалпы саны 431 отбасын құрайды. Қалған 8 объектінің үлескерлеріне (бұл 9 үй) кілттерді биылғы жылдың соңына дейін блокпен беру жоспарланған. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда және елорда әкімдігінің ерекше бақылауында», - деп жазылған қалалық әкімдіктің Kazinform-ға берген жауабында.

Айта кетейік, бұған дейін елімізде үлескерлік құрылыс бойынша проблемалы нысандар қай қалаларда көп тіркелгені туралы жазған едік. 

Соңғы жаңалықтар