Астанада жоғалған 2 жасар сәби қамыс арасында ұйықтап жатқан жерінен табылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қалалық ІІД жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері жоғалып кеткен 2 жастағы сәбиді қамыс арасынан тапты. Бұл туралы елорданың ІІД жергілікті полиция қызметінің инспекторы Ләззат Бисембаева мәлім етті.
2016 жылдың 28 тамызы күні сағат 20-08-де Астана қаласының Жедел басқару орталығына 2 жасар қыздың жоғалып кеткендігі туралы ақпарат келіп түскен. Сәби Майская көшесі бойында үйдің ауласында ойнап жүрген. Біраз уақыттан кейін анасы қызының жоқ екендігін байқаған.
Ақпарат келіп түскен сәтте оқиға орнына полиция қызметкерлері жөнелтілген. 2 сағат бойы полиция қызметкерлері баланы іздеп, куәгерлерден сұраған, төңіректі шолып шыққан. Сағат 22-20-да Астана қалалық ІІД жергілікті полиция қызметінің қызметкері Бағдәулет Пернешов үйге тақау жерде, қамыс арасында ұйықтап жатқан сәбиді тауып алған.
2 жасар сәби ата-анасына табысталып, алдағы уақытта мұндай келеңсіздікке бой алдырмау үшін әңгімелесу жүргізілді.
Жергілікті полиция қызметі ата-аналарды кішкентай балаларын қараусыз қалдырмауға шақырады.