Астанада жол бойына құрылыс қоқысын төккен жүргізушілерге айыппұл салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Қоршаған ортаны ластағаны үшін жүк көліктеріне айыппұл салынды, деп хабарлайды ҚазАқпарат әкімдіктің сайтына сілтеме жасап.

Астанада жол бойына құрылыс қоқысын төккен жүргізушілерге айыппұл салынды

Есіл аудандық ІІБ ЖПҚ табиғатты қорғау полициясы бөлімшесінің мәліметінше, Нұра-Есіл арнасы мен Қорғалжын тас жолының бойына құрылыс қоқыстарын төккен 2 жүргізуші ұсталған.

«Жүргізушілердің әрқайсысына 48 мың теңге әкімшілік айыппұл салынды, ал олардың автокөліктері айыппұл тұрағына әкетілді. Қоқыс «Нова сити» тұрғын үй кешенінің құрылысы жүріп жатқан нысаннан шығарылғандығы белгілі болды. Қоршаған ортаны ластау фактісі бойынша материалдар Экология департаментіне шара қолдану үшін жіберілді», - делінген хабарламада.

Айта кетерлігі, жыл басынан бері ауданда белгіленбеген орындарда қоқыс төккені үшін 65 автокөлік ұсталып, 2 млн теңгеден аса айыппұл салынды.