Астанада жол салуға арналған заманауи материалдар мен жабдықтар таныстырылды
АСТАНА. KAZINFORM – Автомобиль жолдарының сапасы, қозғалыс қауіпсіздігі, жаңа құрылыс материалдары мен саланы цифрландыру. Астанада ашылған XXII халықаралық «Kaztraffic 2026» көрмесінде осы мәселелерге ерекше мән берілді.
Көрмеге мемлекеттік органдардың, ғылым мен бизнес өкілдері, қазақстандық және шетелдік мамандар жиналды. Kazinform тілшісі жол саласындағы жаңа технологиялармен танысып, кәсіпорындардың қандай өнім ұсынып жатқанын білді.
Биыл көрмеге 150-ге жуық отандық және шетелдік компания қатысып жатыр. Олар автомобиль жолдарын салуға, жөндеуге арналған техника мен жабдықтарды, құрылыс материалдарын, жолдың жай-күйін анықтау және бақылау жүйелерін, қозғалыс қауіпсіздігін арттыратын технологияларды көпшілік назарына ұсынды.
Жол сапасын арттыру – басты міндет
Көрменің ашылуында ҚР Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров автомобиль жолдарының өңірлерді дамыту мен еліміздің транзиттік әлеуетін арттыруда стратегиялық маңызы бар екенін атап өтті.
Оның сөзінше, жол желісін кеңейтумен шектелмей, құрылыс сапасына, материалдарды дұрыс таңдауға және технология талаптарының сақталуына баса мән беру қажет. Вице-министр Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында осы бағытта берген тапсырмаларын еске салды.
– Автомобиль жолдарының сапасы халықтың күнделікті тұрмысына, өңірлердің дамуына және еліміздің транзиттік әлеуетіне тікелей әсер етеді. Сондықтан негізгі міндетіміз – жолдардың сапасы мен қауіпсіздігін арттыру, қызмет ету мерзімін ұзарту, – деді Мақсат Қалиақпаров.
Соңғы жылдардағы көрсеткіштер атқарылған жұмыстың ауқымын аңғартады. Көлік министрлігінің мәліметінше, 2020–2026 жылдары Қазақстанда 31 мың шақырым автомобиль жолы қайта жаңғыртылып, жөнделген. Оның 12,5 мың шақырымы – республикалық, 18,5 мың шақырымы – жергілікті маңызы бар жолдар.
Осы кезеңде нормативтік жағдайдағы республикалық жолдардың үлесі 89 пайыздан 93 пайызға, жергілікті жолдардың үлесі 71 пайыздан 91 пайызға дейін өскен. Төрт жолақты автомобиль жолдарының ұзындығы 2,3 мың шақырымнан 4,4 мың шақырымға жеткен.
Алайда жол саласының дамуы жөнделген жолдардың ұзындығымен ғана өлшенбейді. Жол жабынының көлік жүктемесі мен ауа температурасының ауытқуына қаншалықты төтеп бере алатыны да маңызды.
Сондықтан Мақсат Қалиақпаров жолды жобалау, салу және күтіп ұстау кезеңдерінің бәрінде сапа талаптарын сақтау қажет екенін айтты.
Жол сапасын бақылауда жаңа технологиялар қолданылады
Вице-министр жол саласын цифрландыру мәселесіне де тоқталды. Алдағы уақытта жол сапасын бақылау жүйесі жетілдірілмек. Атап айтқанда, 2026–2029 жылдары KazRoadLab және E-Joldar жүйелерін біріктіру, техникалық қадағалау мен асфальтбетон өндірісін бақылауды цифрландыру жоспарланып отыр.
Мұндағы мақсат – жолдың жай-күйін бағалау, жөндеу жұмыстарын жоспарлау және олардың орындалуын бақылау кезінде нақты деректерге сүйену. Вице-министрдің айтуынша, жасанды интеллект пен зияткерлік көлік жүйелері бұл жұмыстардың тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Жолдың ұзаққа шыдауы құрылыс материалдарының сапасына да байланысты. Бүгінде елімізде жол құрылысына арналған материалдар мен жаңа технологиялардың бірыңғай дерекқоры жұмыс істейді. Онда өнімдердің сипаттамасы, сынақ нәтижелері және қолданылу аясы туралы мәліметтер жинақталған. Бұл мамандарға әр жол жобасына лайық материал мен технология таңдауға көмектеседі.
Мақсат Қалиақпаров елімізде өндірілетін полимермен түрлендірілген битумды қолдануға басымдық беріліп отырғанын атап өтті. Мұндай битум асфальтбетон жабынының ойылуға және жарықшақтануға төзімділігін арттырады.
Аталған мәселелер көрменің ғылыми бағдарламасында да қамтылған. «Kaztraffic 2026» аясында «Жолдар және инновациялар» атты II халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтіп жатыр. Мамандар цементбетон және асфальтбетон жабындарын төсеу технологияларын, жаңа құрылыс материалдарын, цифрлық шешімдер мен жол жобаларын қаржыландыру тетіктерін талқылап жатыр.
Жол саласының дамуына мемлекеттік бағдарламалар мен ғылыми әзірлемелерден бөлек, құрылыс материалдары мен жабдықтар шығаратын кәсіпорындар да үлес қосып келеді. Kazinform тілшісі көрмеде олардың бірқатар өнімімен танысты.
Қазақстандық кәсіпорындар қандай өнім ұсынады?
Көрмеде таныстырылған отандық өнімдердің бірі – жол бойына орнатылатын металл қоршаулар. Олар жол-көлік оқиғаларының зардабын азайтып, қозғалыс қауіпсіздігін арттыруға арналған.
Мұндай қоршаулардың қалай жасалатыны және қайда қолданылатыны туралы «Стальцинк» ЖШС коммерциялық қызмет басқармасының басшысы Әсем Әуезова айтып берді.
Кәсіпорын 2007 жылдан бері жұмыс істейді. Компания өкілінің сөзінше, зауыттың алғашқы ірі жобаларының бірі Астана – Щучинск тасжолы болған. Кейін кәсіпорын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің учаскелеріне, Қарағанды – Балқаш, Күрті – Қонаев тасжолдарына және Ақтөбе облысындағы жол нысандарына өнім жеткізген.
Әсем Әуезова өндірістің ерекшелігіне де тоқталды. Кәсіпорында металл қоршау жасаудың барлық кезеңі қамтылған. Шикізат автоматтандырылған желілерде өңделіп, дайын бұйымдар мырыштау цехына жіберіледі.
– Біздің артықшылығымыз – өнімді басынан аяғына дейін өзіміз дайындаймыз. Кәсіпорынға жеткізілген шикізатты автоматтандырылған желілерде өңдейміз. Содан кейін дайын бұйымдарды мырыштау цехына жібереміз. Бізде ұзындығы 12 метрлік мырыштау ваннасы бар. Сондықтан өнімді қосымша өңдеу үшін басқа кәсіпорынға жіберудің қажеті жоқ, – деді Әсем Әуезова.
Оның айтуынша, кәсіпорындағы отандық өндірістің үлесі шамамен 98 пайызды құрайды. Компания қазақстандық тауар өндірушілер тізіліміне енген. Сәйкестік сертификаттары мен қажетті нормативтік құжаттары бар.
Кәсіпорын өнімдерін жол жөнделіп, қайта жаңғыртылып жатқан өңірлерге жеткізеді. Былтыр Өзбекстанға да өнім жөнелткен. Алдағы уақытта ТМД-ның өзге елдерінің нарығына шығу мүмкіндігін қарастырып отыр.
Зауыт металл қоршау шығарумен ғана шектелмейді. Мұнда электр жеткізу желілеріне арналған биіктігі әртүрлі анкерлік-бұрыштық тіректер мен ауыл шаруашылығына қажетті жаңбырлатып суару қондырғылары өндіріледі. Кәсіпорын конструкторлық құжаттар бойынша металл конструкциялар жасауға да тапсырыс қабылдайды.
«Kaztraffic 2026» халықаралық көрмесі 20 қарашаға дейін жалғасады. Үш күн бойы қатысушылар жаңа технологиялармен танысып, тәжірибе алмасады. Жол құрылысының сапасын арттыру, заманауи материалдарды қолдану, саланы цифрландыру және қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін талқылайды.
Көрменің іскерлік бағдарламасы мен мамандардың кездесулері жаңа байланыс орнатуға, ұсынылған технологияларды еліміздің жол құрылысында қолдану мүмкіндіктерін талқылауға жол ашады деп күтіліп отыр.
Айта кетейік, бұған дейін Қазақстанда автомобиль жолдарының жай-күйін бағалау үшін Жапонияның мобильді картографиялау жүйесін қолдану мүмкіндігі қарастырылып жатқанын жазған едік.