Астанада жол жөндеу жұмыстарына байланысты қай көшелер жабылады

АСТАНА. KAZINFORM – Әл-Фараби даңғылынан Қабанбай батыр даңғылына дейінгі учаскеде Ұлы Дала даңғылы және А. Пушкин көшесінен Манас көшесіне дейінгі учаскеде Абылай хан даңғылы бойынша жол жөндеу жұмыстары басталды.

астана, Автобус аялдамасы
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Астана қаласының Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы қала тұрғындары мен қонақтарын Әл-Фараби даңғылынан Қабанбай батыр даңғылына дейінгі учаскеде Ұлы Дала даңғылының орташа жөндеу бойынша жұмыстардың басталғаны туралы хабардар етеді, — делінген әкімдік хабарламасында.

Осыған байланысты 25 сәуір мен 3 мамыр аралығында көрсетілген учаскеде қозғалыс ішінара жабылады.

Астанада жол жөндеу жұмыстарына байланысты қай көшелер жабылады
Фото: Астана әкімдігі

Бұл ретте қозғалыс тараптардың бірі бойынша екі бағытта да ұйымдастырылады.

— Жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерден маршруттарды алдын ала жоспарлауды және қозғалысты ұйымдастырудағы ықтимал өзгерістерді ескеруді сұраймыз. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қолайсыздықты азайту үшін уақытша жол белгілері мен көрсеткіштер орнатылатын болады. Осы өзгерістерге түсіністікпен қарауды және қала бойынша қозғалыстарды жоспарлау кезінде оларды алдын ала ескеруді сұраймыз, — делінген хабарламада.

Сонымен қатар  А. Пушкин көшесінен Манас көшесіне дейінгі учаскеде Абылай хан даңғылын орташа жөндеу бойынша жұмыстары басталды.

Астанада жол жөндеу жұмыстарына байланысты қай көшелер жабылады
Фото: Астана әкімдігі

Осыған байланысты 26 сәуір мен 6 мамыр аралығында көрсетілген учаскеде қозғалыс ішінара жабылады.

Бұл ретте Манас көшесіне қарай қозғалыс толығымен жабылады, бірақ А.Пушкин көшесіне қарай қозғалыс ашық болады.

Жұмыстың бірінші кезеңі аяқталғаннан кейін көлік қозғалысы өзгереді: Пушкин бағытындағы көлік қозғалысы жабылады, ал Манас бағытындағы көлік қозғалысы ашық болады. 

Айта кетелік астанада орталық көшелердің бірі 5 айға жабылған еді.

Соңғы жаңалықтар